Кәмелетке толмаған Өзбекстан азаматтары еңбекке заңсыз тартылған - прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасы заңсыз көші-қонға қарсы рейдтік іс-шаралар барысында 3 құрылыс нысанында қажетті рұқсаты жоқ 32 Өзбекстан азаматының еңбекке тартылғандығын анықтады.
Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
Осыған орай, көші-қон заңнамасының бұзылуы деректері бойынша прокуратура аудандық ішкі істер басқармасына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген. Оны қарау нәтижесінде Өзбекстан Республикасының 32 азаматын Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 394 бабы 3 бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік істер мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Сонымен қатар, тиісті рұқсаттары жоқ, яғни заңсыз еңбек мигранттарын жұмысқа тартқан жұмыс берушілерге жауапкершілік қаралады. Оларға шетел азаматтарының еңбек күшін жұмысқа тарту тәртібін бұзғаны туралы айып тағылып отыр.