Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 18,8 пайызға төмендеді - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 10 айында еліміздегі тіркелген қылмыстар деңгейі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға (300 889-дан 287 311-ге) төмендеді.

Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 18,8 пайызға төмендеді - Бас прокуратура

«Қылмыстылық барлық түрлері бойынша төмендеген, олардың ішінде аса ауыр қылмыстар - 17,7 пайызға (2 270-тен 1 868-ге), ауыр қылмыстар - 19,1 пайыз (29 586-дан 23 925-ке), ауырлығы орташа қылмыстар - 2,2 пайыз деңгейінде ( 232 070-тен 226 940-қа), ауыр емес қылмыстар 6,5 пайызға (36 963-тен 34 578-ге) азайған», - деп атап өтілген ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қылмыстың алдын алу жөніндегі мемлекеттік органдардың әрекетін үйлестіру қылмыстылық құрамының негізін құрайтын қылмыстардың төмендеуіне ықпал етті, мәселен, ұрлық - 1,9 пайызға, оның ішінде үйге ұры түсу - 3,3 пайызға, бұзақылық -14,3 пайызға, тонау - 25,4 пайызға төмендеген. Бұлардың барлық жасалған қылмыстар ішіндегі өзіндік үлесі 71 пайызды құрайды.

Алкогольдік ішімдікке және есірткіге елтіген күйінде жасалған қылмыстар - 1,7 пайызға, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар - 18,8 пайызға, көшедегі қылмыс - 9 пайызға және қайталама қылмыс - 3,8 пайызға азайды.

«Әлемде нақты криминогендік жағдайды бағалайтын индикаторлар да қылмыстың төмендегенін көрсетіп отыр. Мәселен, кісі өлтіру саны - 16,7 пайызға, қарақшылық - 35 пайызға және бопсалау - 16,3 пайызға азайды. Қоғамдағы қылмыстылықтың шынайы ахуалын қылмыстың дәл осы түрлері көрсетеді. Жалпы қылмыстың төмендеуі еліміздің барлық аумақтарында байқалады», - делінген комитет мәліметінде.