Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобасында балаларды отбасынан алып кету қарастырылған ба

бала
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің қарауындағы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы заң жобасында балаларды отбасынан алып кету мәселесі қарастырылмаған.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжат бірінші оқылымда қаралды. Отырыс барысында елімізде баланы отбасынан ажырату қандай жағдайда болатыны сұралды.

«Әлеуметтік желілерді саралай келе, жұртшылық заң жобасында ювеналды юстиция нормалары қамтылғанына, отбасына кедергісіз кіруге рұқсат етілгеніне, балаларды отбасынан алып кетуге және оларды балалар үйіне тапсыруға қатысты нормалар бар деп алаңдап отырғанын байқадық. Заң жобасын қарап шықтым, бірақ ондай нормаларды таппадым. Заң жобасында мұндай нормалар бар ма? Жалпы, қазір Қазақстанда баланы отбасынан алып кетуге бола ма?», - деп сұрады депутат Сергей Пономарев.

Аталған заң жобалары бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қарастырылған құжаттарда ювеналды юстицияға байланысты ешқандай норма енгізілмегенін айтты.

«Қарастырылуы мүмкін де емес. Неге? Себебі біз баланың отбасында тәрбиленгенін, өскенін қалаймыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта жетімдер үйі секілді институтының біртіндеп жойылуына күш саламыз. Бүгін талқыланған заң жобасында балаларды отбасынан алып кету мәселесі қарастырылмаған», - деді Ж. Сүлейменова.

Өз кезегінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қарастырылған заң жобаларында балаларды отбасынан мәжбүрлі алып кету нормалары ұсынылмағанын растады.

«Бұл мәселе министрлікте қаралмады. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралып жатқан қауесет шындыққа жанаспайды», - деді Е.Оспан.

Соңғы жаңалықтар
telegram