Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасау деңгейі 14,5 пайызға төмендеп отыр ? Білім министрі

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2006 жылмен салыстырғанда былтыр кәмелетке толмағандардың қылмыс жасау деңгейі 14,5 пайызға төмендеді.

Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасау деңгейі 14,5 пайызға төмендеп отыр  ? Білім министрі
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі күні қадағалаусыз және панасыз қалғандар, зорлық пен қанауға ұшырағандар, жайсыз отбасынан шыққандар, девиантты мінез-құлықтылар, психотропты құралдарды, ішімдік пен есірткіні пайдаланатын жасөспірімдер өсе келе қоғамның арасындағы «қауіпті топтарға» енуі әбден мүмкін. Тіпті 20 мыңнан астам балалар осы аталған санатқа жатады екен. Сондықтан да, соңғы жылдары мектептердегі тәрбие ісіне баса назар аударылып келеді. Бұндай санаттағы балаларды әлеуметтік және педагогикалық қолдау үшін мектеп штатына 7 мыңға жуық психологтар, 1,5 мыңнан аса полиция инспекторлары, 7 мыңнан астам тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасарлары енгізілді», деді Ж. Түймебаев. Оның айтуынша, министрлік тарапынан ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде біршама көрсеткіштер оң бағытта өзгерген. Мәселен, 2006 жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауы 14,5 пайызға, ішкі істер органдарының тізімінде тұрған кәмелетке толмағандар саны 3,1 пайызға, алкоголизм диагнозы қойылған балалар саны 39 пайызға, есепте тұрған жайсыз отбасылар саны 2,5 пайызға, ата-ана құқығынан айырылғандар саны 6,8 пайызға төмендеген. «Алайда, аталған нәтижелер жұмысты бәсеңдетуге себеп болмауы тиіс. Сонымен бірге, бұндай мәселені шешу мектептің ғана міндеті емес, яғни қоғам түсінбейінше бұл проблема күйінше қалады. Сондықтан да, бүкіл жұртшылық болып, өткір сыннан батыл жұмысқа ауысуы тиіс», деді министр.