Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған колониялар жұмысы оңтайландырылуда

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Алматы, Ақтөбе, Өскемен және Петропавл қалаларында тәрбиелеу колониялары жұмыс істеп жатыр, оларда 231 кәмелетке толмаған сотталғандар ұсталуда, деп хабарлады ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған колониялар жұмысы оңтайландырылуда

Соңғы үш жылда қылмыс санының азаюы байқалады. Осыған орай, қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мен қылмыстық заңнаманы ізгілендіру ауқымында 2011 жылдың бірінші жартысында аталмыш мекемелердің жұмысын оңтайландыру жоспарланған.

Атап айтқанда, енді төрт тәрбиелеу колонияларының орнына Алматы қаласында 350 орындық бір колония құрылмақ.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталған кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді халықаралық стандарттарға жақындатылған жағдайларда ұстау тәрбиелеу ісінің сапасын арттырады. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Алматы қаласы республиканың мәдени орталығы болып табылатындықтан, бұл өткізілетін мәдени-танымдық бағдарламалардың санын арттыруға жол ашпақ. Екіншіден, аймақтың климаттық жағдайы қолайлы. Үшіншіден, Алматы қаласының ЛА-155/6 тәрбелеу колониясында «Информатика» пәні бойынша республикалық олимпиада өткізу тәжірибесі бар. Болашақта халықаралық мамандарды тарту арқылы футбол ойынын үйрету жоспарланған.

Сонымен қатар қамаудан кейінгі жастардың қоғамға бейімделуін тездету мақсатында психологиялық-түзету шаралары кешені қарастырылған.

Алматы қаласындағы тәрбилеу колониясы болашақта ҚР-ның кәмелетке толмағандарға арналған жалғыз мекемесі болмақ.