Камералдық бақылау жүргізу қағидалары өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 2 қыркүйектегі бұйрығымен камералдық бақылау жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

финансы, экономика
Фото: freepik.com

Жаңа талап бойынша мемлекеттік аудит объектісі хабарламаны 10 жұмыс күні ішінде орындауға тиіс. Бұл мерзім хабарлама табыс етілген немесе веб-портал және (немесе) цифрлық жүйелер арқылы алынған күннен кейінгі күннен бастап есептеледі.

Егер мемлекеттік аудит объектісі камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өз бетінше жойса, лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Бұл мерзім осы тәсілмен өткізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мәлімет веб-порталда орналастырылған күннен бастап есептеледі.

Сондай-ақ қағидалар мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға жасалатын қосымша келісімдерді камералдық бақылауға қатысты жаңа тармақпен толықтырылды. Мұндай бақылау қосымша келісімнің жобасы өнім берушіге (мердігерге) қол қоюға жіберілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Бұйрық 2026 жылғы 19 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Атырау облысында камералдық бақылау нәтижесінде 1 092 мемлекеттік сатып алу бойынша 22,5 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталғанын жазған едік.