Камерунда америкалық дипломаттың кортежі баланы қағып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ мемлекеттік департаменті баспасөз қызметінің басшысы Джон Кирби БҰҰ жанындағы АҚШ тұрақты өкілі Саманта Пауэрдің кортежі камерундық баланы соғып, салдарынан ол қаза тапқанын растады, деп хабарлады ТАСС.
Қайғылы оқиға Камерунның солтүстігіндегі Молоко қаласының маңында орын алды. Тұрақты өкіл мұнда Батыс Африкадан келген босқындармен кездескен. Дипломатиялық кортеж екі жолақты жолмен шамамен сағатына 100км жылдамдықпен жүрген. Оның бойында жергілікті тұрғындар, соның ішінде балалар тұрған. Жолға қарай ұмтылған баланы джип қағып кетті. Ол көлікті камерундық басқарған. Дәрігерлер жапа шеккен баланы құтқара алмады.
Саманта Пауэр қаза тапқан баланың жанұясымен кездесіп, көңіл айтты. Ажал құшқан баланың отбасына өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр.