Қамқорлығын сезіндік: Қаңтар оқиғасына куә болған шымкенттіктер полицияға алғыс айтты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат –Шымкенттік тұрғындар қаңтар оқиғасы кезінде қауіпсіздікті күзеткен полиция қызметкерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қамқорлығын сезіндік: Қаңтар оқиғасына куә болған шымкенттіктер полицияға алғыс айтты

«Тәртіп сақшыларына тұрғындар атынан рахметімді айтамын. Қаладағы қауіпсіздікті күн-түн демей жүріп қалыпқа келтірді. Өзіміз сол тәртіпсіздік орын алған аймақта тұрамыз. Қандай оқиғалардың орын алғанына куә болдық. Қатты уайымдадық. Тіпті көшеге шыға алмай қалдық. Тәулік талғамай жасаған жұмыстарына алғыс айтамыз» - дейді «Нұрсәт» мөлтек ауданының тұрғындары.

Абай ауданындағы 8 мөлтекауданның тұрғындары да жаппай тәртіпсіздік кезінде полицияның қамқорлығын сезіндік дейді.

«Қасымызда полиция қызметкерлері болғанда өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Себебі, полиция әрдайым халықтың жанында. Жаппай тәртіпсіздікті де тоқтатты. Күн-түн демей кезекшілікте тұрды. Тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз» - деді видео үндеу жасаған тұрғындар.

Қала тұрғыны Дина Жұмабекова полиция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалайды.

Тәулік талғамай қызмет ететін тәртіп сақшыларының алғыс айту азаматтық борышымыз деп біледі.

«Тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасында тәртіпсіздікке тосқауыл қойды. Отбасын тастап, қиындықпен күресті. Өз өмірін қауіп қатерге тікті. Мұндай ерлік кез келген адамның қолынан келмейді. Сондықтан алғысымды айтамын» дейді ол.