Қамшыбек Қоңқабаев профидегі екінші жеңісінен кейін әлемдік рейтингіде көтерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (2-0, 2 КО) кәсіпқой рингтегі екінші жеңісінен кейін Boxrec.com порталында рейтингін жақсартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Қамшыбек Қоңқабаев профидегі екінші жеңісінен кейін әлемдік рейтингіде көтерілді

Қоңқабаев бірінші ауыр салмақ рейтингінде 74-ші орыннан 51-ге көтерілді.

Кеше Қамшыбек Украина боксшысы Сергей Радченконы (7-7, 2 КО) төртінші раундта нокаутқа жіберген болатын.

Еске сала кетейік, Қамшыбек Қоңқабаевтың кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі биылғы тамыз айында қазақстандық Иса Ақбербаевқа (20-2, 15 КО) қарсы өткен еді. Ол Исаны нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.

Қоңқабаевтың әуесқойлар боксындағы айқастарына келсек, ол Қазақстан құрамасының капитаны болып, әлем және Азия чемпионаттарында екі рет күміс жүлде алған.