Канада АҚШ тауарларына 50%-ға дейін баж салығын енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Канада 8 қыркүйектен бастап АҚШ-тың бірқатар тауарына қарымта баж салығын енгізді. Бұл Оттава мен Вашингтон арасындағы сауда текетіресін одан әрі ушықтырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі The Guardian-ға сілтеме жасап.
Канада енгізген қарымта тарифтер АҚШ-тан әкелінетін құны 20 млрд долларлық тауарларды қамтиды. Бұл тауарларға 15%-дан 50%-ға дейін баж салығы салынады.
Жаңа тарифтер АҚШ-тан әкелінетін бірқатар тауарға енгізілді. Олардың ішінде болат пен алюминий, ірімшік, тұрмыстық техника, киім-кешек, косметика және ауыл шаруашылығы жабдықтары бар.
— Бұл қарымта баж салықтары АҚШ-тың Канаданың 20 миллиард долларлық тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешіміне жауап ретінде қабылданды, — деп мәлімдеді Канада үкіметі.
Вашингтонда бірнеше күнге созылған келіссөздер 21 тамызда сәтсіз аяқталды. Артынша АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын автомобильдер мен шикізатқа 50 пайыздық жаңа тариф енгізетінін жариялады. Трамп Оттаваны АҚШ-ты көп жыл бойы алдап келді деп айыптады.
Содан бері екі ел арасындағы шиеленіс одан әрі ушыға түсті. Өткен аптада Канада премьер-министрі Марк Карни Трамп әкімшілігін бұл мәселеге байыппен қарауға шақырды. Өйткені сауда дауы барған сайын кең ауқымды дипломатиялық келіспеушіліктерге ұласып барады.
Трамп Bombardier өнімдерін АҚШ-та сатуға тыйым салатынын айтып, сес көрсетті.
7 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Квебекте орналасқан канадалық Bombardier Aviation компаниясына талап қойды. Оның айтуынша, компания ұшақ өндірісін АҚШ-қа көшірмеген жағдайда, америкалық нарықтағы қызметіне шектеу қойылуы мүмкін.
— АҚШ-та Bombardier ұшақтарын сатуға бұдан былай жол жоқ! — деп жазды бас әріптермен Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Екі ел арасындағы шиеленістің күшеюі АҚШ, Мексика және Канада арасындағы еркін сауда жөніндегі кең ауқымды келісімнің болашағына қатысты алаңдаушылық туғызды. Дональд Трамп келісімді тағы он жылға ұзартудан бас тартқан соң, құжат жыл сайын қайта қаралатын болды.
Еске сала кетейік, тамыз айының соңында Вашингтон мен Оттава арасындағы сауда соғысы шиеленіскен тұста Дональд Трамп АҚШ пен Канада шекарасында орналасқан Онтарио көлінің атауын «Америка көлі» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.