Канада америкалық баж салығына қатысты жағдайды ДСҰ-да талқыламақ

АСТАНА. KAZINFORM – Канада болат мен пен адюминийге салынған баж салығына байланысты ДСҰ-ға шағым түсірді.

Канада, АҚШ
Фото: Kazinform

Канада Дүниежүзілік сауда ұйымына Вашингтонның канадалық болат пен алюминий өнімдерінің кейбір түрлеріне импорттық баж салығын енгізуіне байланысты Құрама Штаттармен кеңес өткізу үшін ресми өтініш берді. Тиісті құжат ДСҰ мүшелеріне 13 наурызда жіберілді.

- Канада 12 наурызда күшіне енген болат пен алюминийдің кейбір түрлерін қосымша баж салығынан босатуды алып тастау және алюминий өнімдеріне баж салығын арттыру шаралары АҚШ-тың 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімдегі міндеттемелеріне қайшы келетінін мәлімдеп отыр, - делінген ДСҰ мәлімдемесінде.

АҚШ пен Канада арасындағы сауда дауы

АҚШ Канададан келетін болат пен алюминийге қосымша баж салығын бірнеше рет енгізді және алып тастады. 2018 жылы Вашингтон Канаданы салықтан уақытша босатып, тиісінше 25% және 10% тарифтер енгізді, бірақ тарифтен босату мерзімі сол жылдың маусымында аяқталды. 2019 жылы баж салығы жойылды, алайда 2020 жылы АҚШ кейбір алюминий өнімдері үшін оларды ішінара қалпына келтірді, содан кейін қайтадан алып тастады.

2025 жылдың 10 ақпанында АҚШ Канаданы барлық қосымша баж салығынан босатылуын жойып, алюминий тарифін 25%-ға дейін көтерді. Бұл шаралар 12 наурызда күшіне енді.

Консультация туралы өтінім нені білдіреді?

Консультациялар туралы өтінім істің ДСҰ-да қаралатынын білдіреді. Консультациялар тараптарға мәселені талқылауға және арбитражға жүгінбей, өзара қолайлы шешімге келуге тырысуға мүмкіндік береді. Егер тараптар 60 күн ішінде дауды шеше алмаса, талапкер шешім қабылдау үшін төрелік комиссия құруды талап етуге құқылы.

Бұған дейін Қытай канадалық тауарларға қосымша баж салығын енгізгенін жазған болатынбыз.