Канада армиясында 10 млн доллардың қару-жарағы жоғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канаданың армиясы қару-жарақ жүйесін қайта санағанда 10 млн доллардың жабдықтары жетпей қалған. Соңғы он жылда Канада ұлттық қорғаныс ведомствосының бронды кеудешелері, каскалары, етіктері, компьютерлері мен қарулары ұрланған. Департамент атап өткендей, 77 000 ұрланған зат - 600-миллион құрал-сайманның тек шағын бір бөлігі ғана, деп хабарлайды CBC .
Шығындардың 5,5 млн доллары - сарбаздарға арналған әскери жабдықтар, 1,4 млн доллары - көлік құрылғылары, 253 мың доллары - телекоммуникациялық құрылғылар, 939 мың доллары - құрал-саймандар, 239 мың доллары - қарулар мен әскери жарақтарды құраған.
Жабдықтардың ең көп жоғалуы Канаданың Ауғанстандағы өз миссиясын шектеуді бастаған уақытында, яғни 2012-2013 жылдар аралығында орын алған. Осы кезде 7 млн долларлық жабдықтар жоғалған немесе қолды болған.