Канада билігі Нигерияда ұрланған оқушы қыздарды табуға көмектесетін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канада билігі Нигерияға «Боко Харам» содырлар тобы тұтқындап әкеткен 234-тен астам қызды табуға көмектесетін бақылау қондырғыларын жіберетін болды. Бұл туралы CBC телеарнасы хабарлады.
Естеріңізде болса, 15 сәуір күні террористік топ Нигерияның солтүстігінде мектепке шабуыл жасап, жоғары сыныптың қыздарын ұрлап әкеткен болатын. Дүйсенбі күні ел Президенті Гудлак Джонатан әлі күнге дейін оқушылардың қайда екенін білмей отырғанын мойындаған. Ал, Нигерия полициясы олардың мекен-жайы туралы кез келген ақпарат үшін 300 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.
Осыдан біраз бұрын тұтқын қыздар Камерун мен Чад мемлекеттерінде 2000 найра ақшаға (шамамен 12 долларға) күңдікке сатылып жатыр деген хабар жеткен. Осы жағдайдан кейін қыздарды жанұяларына қайтаруға көмектесу үшін Канада сыртқы істер министрі Джон Бэрд өздерінің көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ және Ұлыбритания билігі де көмек көрсететіндерін жариялаған.