Канада Эбола вирусына қарсы сынама вакцинаны Африкаға жолдамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Эбола вирусына қарсы сынамалық вакцинаны Канада Африкаға жолдамақ. Осы мақсатта Канададағы мемлекеттік зертхананың бірінде әзірленген препараттың мыңға жуық мөлшері (дозасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына беріледі. Бұл туралы euronews ақпараттық телеарнасы хабарлады.

Канада Эбола вирусына қарсы сынама вакцинаны Африкаға жолдамақ

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, вакцина маймылдарға егілгенде өзінің тиімділігін танытқан, алайда бұл дәрі адамдарға әлі де егіліп, сыналмаған көрінеді.

Тоқтала кететін жайт, Эбола дертінің құрбандар саны мың адамға жуықтаған болатын. Безгектің таралу ошағы Батыс Африка - Гвинея, Либерия мен Сьерра-Леоне болып отыр. Ал бұл вирусқа қарсы тиімді препарат әлі табылмаған. Айта кетерлігі, бұған дейін АҚШ тарапы дайындаған жаңа препарат Либериядағы ауруханалардың бірінде Эболоны жұқтырған испан пасторы Мигель Пахаресті өлімнен арашалай алмаған еді. 75 жастағы пастор аталмыш ауруды жұқтырып қаза болған тұңғыш еуропалық болып отыр.

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетін халықаралық деңгейдегі қауіпке жатқызған болатын.