Канада Қазақстандағы балалар хоккейін дамытуға қолдау көрсетпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Канада генерал-губернаторы Жюли Пайет Астанаға сапары аясында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Канада Қазақстандағы балалар хоккейін дамытуға қолдау көрсетпек

«3 желтоқсанда Канада генерал-губернаторы Жюли Пайеттің Қазақстанға жұмыс сапары басталды. Кеше Байқоңыр ғарыш айлағында Жюли Пайетт канадалық ғарышкер Дэвид Сен-Жактың Халықаралық ғарышқа сапарын тамашалады»,- деді ол.

Ресми өкіл дерегінше, бүгін Астанада Канада генерал-губернаторының Мемлекет басшысымен және Сенат Төрағасымен кездесулері жоспарлануда. Оған қоса, Жюли Пайетт Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өтетін қазақстандық әйел саясаткерлер мен кәсіпкерлердің қатысуымен әйелдер көшбасшылығы тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысады.

«Жюли Пайетт жұмыс сапарының соңында, бүгін сағат 16.00-де «Барыс Арена» мұз сарайында Канада тарапының Қазақстандағы балалар хоккейін дамытуға  қолдау көрсететінін жариялайды», - деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар, оның дерегінше, 5 желтоқсанда Канада генерал-губернаторы Ұлттық ғарыш орталығына барады.

«Бұл іс-шара соңғы уақытта Қазақстан мен Канада арасында ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың оң перспективаларын көрсетіп жүрген даму мүмкіндіктеріне назар аударта алады», - деді ол.