Канада тауарларына салынған 50% баж салығы сот дауына ұласты
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық азық-түлік импорттаушы Gellert Global Group Канаданың кейбір тауарларына салынған 50 пайыздық баж салығына байланысты Трамп әкімшілігін сотқа берді. Бұл компанияға жыл сайын шамамен 40 млн доллар шығын әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business басылымына сілтеме жасап.
Нью-Джерси штатында орналасқан компания «Либерти» әділет орталығының қолдауымен АҚШ-тың Халықаралық сауда сотына шағым түсіріп, баж салығының заңсыз екенін алға тартты.
АҚШ президенті Дональд Трамп жазда 1930 жылғы Тарифтер туралы заңның 338-бабына сүйеніп, Канададан әкелінетін кейбір тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізді. Қыркүйекте әкімшілік баж салынатын тауарлар тізімін кеңейтіп, оған Gellert компаниясы импорттайтын ірімшікті де қосты.
«Либерти» әділет орталығы соттан баж салығын заңсыз деп тануды, оны өндіріп алуға тыйым салуды және төленген қаражатты пайызымен қайтаруды талап етеді.
Шағымға сәйкес, Gellert бұған дейін АҚШ-Мексика-Канада сауда келісіміне (USMCA) сәйкес канадалық ірімшікті баж салығынсыз импорттаған. Бірақ 28 қыркүйекте компания құны шамамен 120 000 доллар болатын ешкі сүтінен жасалған ірімшік партиясын импорттап, 60 мың доллардан астам баж салығын төлеген.
Бұған дейін АҚШ-та аралық сайлауға екі апта қалғанда Демократиялық партия жетекшілері президент Дональд Трамп әкімшілігіне шағымданып федерал сотқа жүгінгенін хабарлағанбыз.