Канадада 400 мыңға жуық адам электр жарығынсыз қалды

Онтарио провинциясында 350 мың тұрғын, соның ішінде Торонтода 250 мың адам жарықсыз қалған. Toronto Hydro электр компаниясының мәлімдеуінше, электр жабдықтарын қалпына келтіру үшін 72 сағатқа дейін уақыт керек.
Электр сымдары желісінің үзілуіне әкеп соққан мұзды жауын, күшті жел мен қалың жауған қар Канаданың шығыс провинцияларында 21 желтоқсаннан бері толастамай тұр.
Сонымен бірге, ауа райының қолайсыздығынан бүкіл ел бойынша, жүздеген апат орын алған. CBS News хабарлағандай, жалпы алғанда шамамен 5 адам құрбан болған. Торонтода трамвайлар қозғалысы тоқтатылды. Билік өкілдері автокөліктермен жүруді тоқтата тұруды сұрап отыр. Оттава, Торонто, Монреаль, Фредериктон және басқа қалалардың әуежайларында жүздеген рейстер тоқтатылды, деп жазады CBS News.