Канадада аптап ыстықтан ауыл өртенді
ОТТАВА. ҚазАқпарат – Канаданың батысындағы Британиялық Колумбия провинциясындағы орман өрті Литтон шағын қаласын жермен жексен етті. Себебі – өңірде тіркелген аномальды ыстық. Бұл туралы ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Қайтыс болғандар туралы мәлімет жоқ, дегенмен полиция кейбір отбасылардың байланысқа шықпағанын хабарлайды, зардап шеккендер бар.
Литтонда мыңға жуық адам тұрады. Өрт тез жылжып отырғандықтан, олардың жиналуға тек қана төрт сағат уақыты болған. Эвакуация ірі түтін будақтары мен жолдардың шетін жалмаған алауға қарамастан жүргізілді.
«15 минуттың ішінде ауылдың барлығы отқа оранды», - деді Би-Би-Сиге мэр Полдерман.
«Адамдар үй жануарларын, кілттерін алып, көліктеріне отырып, кетіп жатты», - деді ол.
Ауыл үйлерінің 90%-ы, медициналық пункт және полиция бөлімшесі жанып кеткен.
29 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:20-да Литтонда Британдық Колумбияның тарихында температуралық рекорд орнады: Цельсий бойынша 46,6 градус.
Сонымен қатар желдің жылдамдығы 71 км/сағ болған, бұл өрттің тез жылжуына себеп болды. Метеорологтардың айтуынша, бұл аудандағы ыстық, құрғақ ауа райы мен жел өрттің 10 немесе 20 км/сағ жылдамдықпен жылжып отыруына себеп болған.

Жергілікті депутат Брэд Вис әлеуметтік желілерде зардап шеккендер туралы хабар бар екенін жазды.
Соңғы аптада Калифорниядан Арктикаға дейінгі Тынық мұхитының жағалауында ауаның жылжуына кедергі келтіретін жоғары қысым тұрақтанған аумақ қалыптасты.
Британдық Колумбияда осы уақытқа дейін ыстықтан 486 адам қайтыс болды, олардың 69-ы ел астанасы Ванкуверде көз жұмған. Қайтыс болғандардың көбі – егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдар. Ұқсас хабарлар АҚШ-тан да түсуде.

Бір аптаның ішінде Британдық Колумбияда жүздеген орман өрті тұтанды. Бұған ыстықпен бірге найзағай да себеп болды. 2 шілде күні провинцияда 29 мыңға жуық найзағай тіркелді.
«Бұл Британдық Колумбиядағы тарихындағы ең ыстық апта болды», - деді баспасөз мәслихатында провинцияның премьер-министрі Джон Хорган сейсенбі күні.
Ол тұрғындарды суық компресс жасап, мүмкіндігінше үйдің ең салқын бөлігінде қалуға шықырды.
Метеорологтардың айтуынша, мұндай ауа райы мың жылда бір рет болады. Олар ыстықтың әлі бірнеше күн жалғасатынын ескертті.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Джо Байден осы жылы орман өртінің қаупі зор екенін ескерткен, бұл туралы Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо да айтқан.