Канадада көтергіш кран құлап, бес адам ажал құшты
ОТТАВА. ҚазАқпарат - Канадада Келовна қаласының орталық бөлігінде (Британдық Колумбия провинциясы) құрылыс кранының құлауы салдарынан кем дегенде төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBC телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті полицияның мәліметінше, оқыс оқиға дүйсенбіде құрылыс алаңдарының бірінде, кранды бөлшектеуге дайындық жүріп жатқан кезде болған. Төрт жұмысшының мерт болғаны расталды. Бұдан басқа құрылыс алаңының жанындағы ғимаратта жұмыс істеп жатқан бір адам кран қиратқан үйінділер астында қалған. Оның денесін әзірге шығара алмай жатыр. Сонымен қатар, тағы екі адам ауруханаға жеткізілген.
Оқиға орнын полиция қоршауға алды, құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта келеңсіз жағдайдың себеп-салдары тексерілуде.