Канадада шошқа тұмауы анықталды
ОТТАВА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат – Канада өкіметі Жаңа Шотландия және Британдық Колумбия өңірлерінде тіркелген тұмаумен ауырудың 6 оқиғасы да «шошқа тұмауына» қатысты екенін растап отыр.
Сырқаттанғандардың барлығының жақында Мексикада болып келгені анықталған. «Олар вирусты Мексикада жұқтырып алып, үйлеріне келген соң басқаларға жұқтырған», - деп мәлімдеді Жаңа Шотландия өңірінің денсаулық сақтау саласы жетекшілерінің бірі доктор Роберт Стрэнг. Осылайша Канада адамдардың «шошқа тұмауын» жұқтыру оқиғалары тіркелген Мексика мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ел болып отыр. Мексикада бұл індеттен қазірдің өзінде 20 адам қайтыс болғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Мексиканың елордасы Мехико қаласының өкіметі адам үшін аса қауіпті болып отырған шошқа тұмауының мутацияға ұшыраған вирусының ошағын жоюға тырысуда. Жергілікті өкімет, қайтыс болғандардың саны әлі де көбейеді деп алаңдап отыр. Миллиондаған тұрғыны бар қалада мектептер, мұражайлар, кітапханалар мен театрлар жабылуда. Американдық дәрігерлердің мәліметтері бойынша, Мексикамен шекаралас Техас және Калифорния штаттарында шошқа тұмауының мутацияланған вирусымен 8 адам ауырған - олардың барлығы сауығып кетті. Дәрігерлер жаңа вирус бүкіл әлемге тарайды деп қауіптенуде.