Канадада тікұшақ апатқа ұшырап, 4 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Квебек провинциясы Монреаль қаласының маңында тікұшақ құлап, төрт адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Жапонияда үш адамы бар туристік тікұшақ жоғалып кетті
Фото: Анадолы

Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 14:30–да (Гринвич уақытымен 18:30) полицияға Монреальдан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 55 шақырым жерде орналасқан Сент-Брижид-д’Ибервиль қаласының маңында әуе кемесі құлағаны туралы хабар түскен.

Жерге құлаған кезде тікұшақ өртеніп кеткен. Оқиға орнына келген жедел қызмет мамандары өртті бір сағат ішінде сөндірді. Тікұшақ бортындағы төрт адамның барлығы оқиға орнында қаза тапқаны анықталды.

Алдын ала тергеу мәліметінше, тікұшақ ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай бортта төтенше жағдай туындап, кейін әуе кемесі апатқа ұшыраған.

Полиция әзірге тікұшақтың кімге тиесілі болғанын, қайдан ұшып шыққанын және қайда бағыт алғанын, сондай-ақ қаза тапқандардың жеке басын анықтай алған жоқ.

Канаданың көлік қауіпсіздігі кеңесі апаттың себептерін анықтау үшін оқиға орнына мамандар тобын жіберді.

Айта кетейік, Колумбияда апатқа ұшыраған ұшақ табылды.