Канадада жүз мыңдаған тұтынушы мұзды жауын салдарынан жарықсыз қалды
Қолайсыз күн райынан Квебек және Онтарио провинциялары электр қуатынан айрылды. Hydro-Québec веб-сайтының ақпараты бойынша, Квебекте сәрсенбі күні кешке жергілікті электр желілерін пайдаланатын 780 мыңға жуық клиент жарықсыз қалды. Олардың көпшілігі Монреалда, сонымен қатар провинцияның оңтүстік-батысындағы Монтережи және Утауэ өңірлерінде тұрады. Hydro-Québec-тің 4,5 млн клиентінің шамамен 17%-ында жарық сөнген.
«Жарықтың өшуіне жауын-шашын мен жел себеп болды», - деп мәлімдеді Hydro-Québec өкілі Габриэль Леблан. Оның сөзінше, жел ағаштарды құлатқан, ал олар электр тарататын желілерге зақым келтіруі мүмкін.
Канадалықтар сынған бұтақ пен құлаған ағаштар, мұз қаптаған автокөліктер мен электр желілері және басқа да инфрақұрылымды басып қалған ауыр мұздардың суреті мен видеосын әлеуметтік желілерде көптеп жариялады.
Табиғаттың бұл құбылысы көп адамның есіне 1998 жылғы мұзды дауылды түсірді. Ол кезде Квебектің миллиондаған тұрғыны дағдарыс уақытында электр энергиясынсыз қалып, 30 адам суықтан, улы газдан және дауылға байланысты басқа да себептен қайтыс болған.
Ал, Онтариода 120 мыңнан астам Hydro One клиенті сәрсенбі кешке жарықсыз қалды. Жергілікті электр қуатын жеткізуші ірі компания қызметкерлерінің мүмкіндігінше жағдайды жылдам әрі қауіпсіз түрде қалпына келтіруге тырысып жатқанын айтты.
Канаданың Қоршаған орта және климаттың өзгерісі министрлігі Онтарио, Квебек, Жаңа Шотландия мен Нью-Брансуиктің кей бөліктерінде мұзды жауын жаууы мүмкін екенін ескертті. Агенттік хабарлауынша, Торонтода 60 миллиметрге дейін жаңбыр жаууы мүмкін, ал Онтариодағы Виндзор мен Гамильтонда көлемі бес центтік монетамен бірдей бұршақ жауып, жылдамдығы сағатына 90 шақырым болатын жел тұруы мүмкін.