Канадалық маман Павлодарда қызанақтардың сапасын арттырудың сырымен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпрат - Павлодар облысына «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Аға сеньорлар» компонентін іске асыру шеңберінде «Павлодар жылыжай комбинаты» ЖШС-нің шақыртуымен Канададан келген Прем Карбанда қызанақтардың сапасын арттырудың сырымен бөлісті.
Шетелдік маманның айтуынша, облыста қызанақтарды өсіру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаның мүмкіндіктері зор, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
- Жергілікті кәсіпорындағы қызанақтарды өндіру процесімен таныстым. Жұмыс деңгейі жоғары әрі өндіріс техникалық жағынан заманауи құрылғылармен толықтай қамтылған. Ең маңыздысы, тиімді менеджмент жасау өнімнің артуына ықпал етеді, - дейді Прем Карбанда. Маман жұмысты тиімді жоспарлау тәжірибесімен бөліспек. Сондай-ақ, ол қызанақтар тез өсетін өсімдіктер қатарына жатқандықтан, оларды өсіру арнайы гигиенаны қажет ететінін де жеткізе кетті.
Айта кету керек, Прем Карбанда халықаралық CESO ұйымының мүшесі. Бұл ұйым - жоғары деңгейдегі мамандарды біріктіріп, клиенттер мен әріптестерге өз білімдерімен бөлісу арқылы экономикалық дамуға үлес қосатын бірлестік. Пьер Карбанда осы миссиямен Гандурас, Боливия, Камерун және Қытай елдерінде болған. Павлодарлық жылыжай комбинатының басшысы Мейрам Макашевтің айтуынша, бұл - шетелден маман шақыртудың алғашқы тәжірибесі. - Біздің кәсіпорын жас, бір жылдан астам ғана қызмет етеміз. Өндірісті заманауи технологиялармен жабдықтадық. Алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жетуді көздеп отырмыз. Сондықтан да кәсіпкерлер палатасынан шетелдік маманды шақыртуға қолдау көрсетуді сұрадық. Бұл өндірістің дамуына серпін береді деген сенімдеміз, - дейді Мейрам Мақашев.