Канар аралдары маңындағы суда 300 мигрант із-түзсіз жоғалып кетті
МАДРИД. ҚазАқпарат – Сенегалдан Испанияның Канар аралдарына үш қайықпен бара жатқан 300-дей мигрант із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Мигранттарға көмек көрсететін Walking Borders тобының ақпараты бойынша, біреуінде 65-ке жуық адам, ал екіншісінде 50-60 адам шамасында болған екі қайық Сенегалдан шыққаннан кейін 15 күн ішінде із-түзсіз жоғалып кетті.
Үшінші кеме Сенегалдан 27 маусымда шыққан, бортында 200-ге жуық адам болған.
Walking Borders хабарлауынша, борттағы адамдардың отбасы олар шығып кеткеннен кейін ешқандай хат-хабар алмаған.
Үш қайық та Канар аралдарының бірі – Тенериф аралынан 1700 шақырым жердегі, Сенегалдың оңтүстігіндегі Кафонтинадан шыққан.
Бұл жаңалық Еуропада жерорта теңізі мигранттары ең қорқынышты кеме апатына ұшырағаны туралы ақпараттан кейін бірнеше аптадан соң шықты. Сол уақытта Грекия жағалауында лық тола траулер суға батып кеткен, деп хабарлады BBC News.
78 адамның суға кеткені расталды, бірақ БҰҰ 500 адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында екенін хабарлады.
Батыс Африкадан Канар аралдарына барар жол мигранттар үшін ең қауіпті жол саналады. Оған мигранттардың күшті ағысқа төтеп бере алмайтын қарапайым балықшылардың қайығымен жүзетіні ғана себеп емес.
БҰҰ-ның миграция бойынша халықаралық ұйымы былтыр испан аралдарына жетпек болған 559 адам теңізде қайтыс болғанын мәлімдеді. 2021 жылы қаза тапқандар саны 1126 адамға жетті.
Испания ішкі істер министрлігі 2022 жылы Канар аралдарына 15 682 адам заңсыз келгенін анықтады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30%-ке аз.