Канар аралдарында ормандар өртеніп жатыр: аймақтағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде

ТЕНЕРИФЕ. ҚазАқпарат – Испания биілігі Канар архипелагындағы ірі деген аралдардың бірі - Тенерифедегі төрт ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы бұйрық берді.

Канар аралдарында ормандар өртеніп жатыр: аймақтағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде
Фото: pixabay.com

Билік мұндай шараға Тейде жанартауын қоршап тұрған табиғи парк аумағында тұтанған өртке байланысты барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Өрт Тенерифе аралының солтүстік-шығысында сейсенбі күні орманды алқаптан басталды. Бұл аймақтың рельефі өте күрделі, соған қарай өртті сөндіру де қиынға соғып отыр.

Canarias Radio-ның хабарлауынша, өртті сөндіруге тікұшақтар жұмылдырылған. Аррате, Чивисайя, Медиа-Монтанья және Аджафона ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды.

Өрт Тейде жанартауының маңындағы 130 гектарға жуық жерді күлге айналдырды. Тейде жанартауының биіктігі 3 718 метр. Яғни ол Испанияның ең биік жері деген сөз.

Айта кетейік, өткен аптада Канар аралдарында ерекше ыстық болып, өрт қаупі туындады.