Канар аралдарындағы орман өртіне байланысты мыңдаған адам эвакуацияланды

САНТА-КРУС-ДЕ-ТЕНЕРИФЕ. ҚазАқпарат – Канар аралдарындағы Пальма аралының мыңдаған тұрғыны сенбі күні таңертең басталған орман өртіне байланысты үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Канар аралдарындағы орман өртіне байланысты мыңдаған адам эвакуацияланды
Фото: iStock

Өрт 4500 гектар жерді шарпып, оннан астам үй жойылды. Өртті сөндіруге түрлі ведомстволардан 400-ге жуық әскери қызметші тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Ресми тұлғалар 4255-ке жуық адам эвакуацияланғанын, ал қалғаны кетуден бас тартқанын айтты. Өрт Пунтагорданың солтүстік-батыс муниципалитетіндегі Эль-Пинар ауданында басталды, содан кейін оңтүстікке қарай Тихарафе қаласына қарай таралды.

Қараңғы түскенге дейін өртті сөндіруге гидроплан тартылды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, операцияға жексенбіде екіншісі қосылады.

Қызыл Крест эвакуацияланғандарға көмек көрсету орталығын құрды. Испания өкілдері өрттен зардап шеккен адамдарға ниеттестік білдіріп, арал билігінің қарамағына барлық қажетті қаражат беруге дайын екенін айтты.

Өрт Еуропаның оңтүстігінің көп бөлігінде температураның күрт көтерілуіне әкелген аптап ыстықтан шыққан.

Бұған дейін Бодрум әуежайы маңында орманнан өрт шыққанын хабарлаған едік. Ауа температурасы бұл ауданда 43 градустан асады.