Қанат Бозымбаев еліміздің батыс өңірлерін дамытуға қатысты кеңес өткізді

батыс
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Президенттің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының шұғыл шаралар топтамасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында вице-премьер Қанат Бозымбаев аталған төрт өңірдің әкімдерінің және барлық министрлік өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық экономика министрлігінің ағымдағы ахуалды талдау деректері бойынша батыстағы өңірлер үшін сын-тегеурін – мұнай өндірудің төмендеуі жағдайында экономиканы әртараптандыру.

Дегенмен батыста халық санының тұрақты өсуі байқалып отыр. Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға дейін ондағы халық саны 10%-ға – 3,1 млн-нан 3,4 млн адамға дейін өседі. Бұл үрдіс жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігін туғызады. 2024-2030 жылдар кезеңінде еңбек нарығына шамамен 138 мың адам шығады деп болжанады. Премьер-Министрдің орынбасары оларды жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Сонымен қатар кеңес барысында бейінді министрліктер өз бағыттары бойынша, оның ішінде өңірлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есеп берді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша 2025 жылға дейін өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі. Қазіргі таңда кәріз-тазарту құрылыстары бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Салалық министрліктер мен әкімдіктер қабылдап жатқан шараларға қарамастан, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі байқалады.

Вице-премьер атап өткендей, сумен қамтамасыз етуді, су бұруды, электрмен және жылумен жабдықтауды қаржыландыру, сондай-ақ өңірлерде жол салу мәселелері басым сипатқа ие болуы тиіс.

«Бізге Орал және Атырау қалаларының әуежайлары үшін ашық аспан мәртебесін кеңейте отырып, рейстер санын ұлғайту қажет. Ең жоғары жүктеме кезеңінде вагондардың маусымдық тапшылығын жою, халықаралық әуежайларды, теміржол вокзалдары мен стансаларды жаңғырту қажет. Ал ауылдық жолдардың сапа деңгейін 90%-ға дейін жеткізу керек», — деп тапсырды вице-премьер.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев батыс өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге ерекше назар аударуды тапсырды. Денсаулық сақтау саласында сұранысқа ие мамандар үшін тұрғын үйге жеңілдікпен несие берудің өңірлік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. 

батыс
Фото: primeminister.kz

«Мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге проблемаларды жедел және сапалы шешу үшін жүйелі шаралар мен жаңа бастамалар бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырамын. Біз еліміздің батыс өңірінің тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін бір ай ішінде шұғыл шаралар топтамасын әзірлеуіміз керек», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар