10:45, 14 Мамыр 2024 | GMT +5
Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге төленген өтемақы сомасын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге төленген өтемақы сомасын атады.

«Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы - 7,5 млрд теңге. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362 млн теңге сомасында өтемақы алды», - деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьердің дерегінше, 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алып үлгерді.
«Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда», - деді ол.