Қанат Бозымбаев: Қазақстан ОПЕК келісіміндегі міндеттемелерді орындап келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның мұнай өндірісін азайту туралы ОПЕК келісімі аясындағы барлық міндеттемелерін орындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Бозымбаев: Қазақстан ОПЕК келісіміндегі міндеттемелерді орындап келеді

«Қазақстан өз міндеттемелерін атқарып келеді. Уәде бергеніміздей, өндіріс көлемін бір деңгейде ұстап отырмыз. Болар-болмас қана көлемде өндірістің белгіленген шектен асып кетуі орын алды. Өткен жылы тәулігіне орташа есеппен 1 млн 720 мың баррель мұнай өндірдік. Шын мәнінде, тәулігіне 1 млн 680 мың баррель мұнай өндіруіміз керек еді. Тәулігіне 35-40 мың баррель - тіпті Қазақстан деңгейінде болмашы ғана көрсеткіш», - деп мәлімдеді журналистерге министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министр мәселенің байыбына бармайтындар ғана «Қазақстан өз міндеттемелерін орындамай жатыр» деп хабар тарататынын атап өтті.

Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев «ОПЕК+» келісімінің ұзартылғанын, ондағы шарттардың анағұрлым жеңілдетілгенін хабарлады.

«Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында өз міндеттерін жалғастыра береді», - деп толықтырды министр.