Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау жолында қолға алынған жұмыстар туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада азаматтық сектордың өкілдерімен кездесу өткізген энергетика министрі Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау бағытында Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау жолында қолға алынған жұмыстар туралы айтты

«Энергетика министрлігі мен Әділет министрлігі экологиялық құқықбұзушылықтарға қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық» Кодексі нормаларына экологиялық айыппұлдардың мөлшерін азайту бағытында бірлесе жұмыс атқаруда. Сонымен бірге, табиғатты пайдаланушылармен серіктесе қарым-қатынас орнатып, профилактикалық бақылау түсінігін енгізіп жатырмыз. Бақылау адамдардың денсаулықтары мен жалпы қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Қазгидромет» РМК ақпараты мен өзге мәліметтер негізінде жүргізілетін болады», - дейді министр.

Оның айтуынша, Қазақстан 2018 жылы Экономикалық серіктестік және даму ұйымымен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бағдарламаға сәйкес келісімге келіп, «ластаушы өтейді» қағидатын енгізуді көздеп отыр.

«Айыппұл санкциясы бойынша қолданылатын реформа жүйесі қоршаған ортаға келтірген зиянды қалпына келтіруді міндеттейді. Қазақстанда айыппұл санкциясы арқылы қоршаған ортаны қорғау сараптамасы жасалады. Сол сараптаманың негізінде кәсіпорындарды экологиялық таза технологияларға инвестиция салуға ынталандыратын нақты ұсыныстар әзірленіп, заңнамаға ұсынылатын болады», - дейді министр.

Экологияны тексеру бағытында жүргізілетін сараптамалар мен тексерулерге видео жəне аудио аппараттары арқылы қатаң талап қойылғалы отыр.