Қанат Бозымбаев ресурс үнемдеу ұстанымдарын белсенді енгізуге шақырды

«Қазақстан ұлттық деңгейде ұлттық экономиканы жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. «Жасыл» экономикаға көшу үшін заңнамалық база құрылды. Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып мемлекеттік деңгейде «жасыл» экономикаға көшудің стратегиялық құжатын қабылдап, оны төрт жылдан бері сәтті іске асырып келеді. Өңірлік тұрғыда Қазақстан энергиялық қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз етуде жауапкершілігі жоғары әрі сенімді қатысушы ретінде өзін көрсетуде. Бұл ретте, еліміз тұрақты саяси және экономикалық дамуға үндеу жасап келеді. Өткен жылы Париждік климаттық келісім күшіне енді. Барлық елдердің алдында ғасырдың соңына дейін екі градустық деңгейді ұстап тұру мақсаты тұр. Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылдағы деңгейге қарағанда 2030 жылға қарай 15 пайызға төмендету міндетін өзіне алды. Жаңаратын энергия көздерін дамыту, энергия үнемдеу, энергия тиімділікті арттыру, көлікті экологиялық таза отын түрлеріне көшіру, сондай-ақ орманды алқаптардың аумағын арттыру секілді шараларды іске асыру алға қойылған мақсат-міндетті орындауға мүмкіндік береді»,-деп тоқталды министр.
Оның сөзіне қарағанда, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы «жасыл» технологиялар трансферті жолымен белгіленген мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқара алады. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыруға қолдау көрсету үшін «жасыл» климаттық қордың және өзге де халықаралық қаржы институттарының инвестициясын тарту қарастырылып отыр.
Бозымбаевтың пайымынша, экономиканы экологияландыруды қамтамасыз ету мақсатында және «жасыл» экономикаға көшу бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткізу бағытында барлық деңгейінде, яғни жергілікті жерден жаһандық ауқымға дейін ресурсты үнемдеуге айрықша мән беруі тиіс.
Сонымен қатар министр елімізде «Жасыл көпір» бастамасын дамытудың келесі қадамы «Жасыл технологиялар» халықаралық орталығын құрумен жалғасатынын жеткізді. Қазақстан Президентінің бұл бастамасына бүгінде халықаралық ұйымдар қолдау білдірді.
Конференция барысында «жасыл» технологиялар саласында Австриялық Технологиялар институтымен, KaukoInternational Group Фин компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланған.
Форумның екінші күнінде, яғни 13 шілдеде конференция қатысушылары «Арнасай» Жасыл технологиялар орталығына барады (Арнасай ауылы, Аршалы ауданы, Ақмола облысы). Ол жерде инноваторлар мен жастардың қатысуымен «жасыл» технологиялар көрмесімен, Қазақстанның бірінші «жасыл» ауылымен, «EXPO-Camp» жасөспірімдер лагерімен таныстыру шаралары өтеді.