Қанат Ислам 2017 жылдың үздік менеджерімен жұмыс істей бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың танымал менеджерімен келісімшартқа отырғанын ресми жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қанат Ислам The Ring журналының нұсқасы бойынша 2017 жылдың ең үздік менеджері Эгис Климаспен келісімшартқа отырды. Эгис кәсіпқой бокстың жарқын жұлдызына айналған Сергей Ковалев, Александр Усик, Василий Ломаченко сынды боксшылармен жұмыс істейді.
Қазір Қанат Ислам Американың Калифорния штатында жаттығу жұмыстарын бастап кетті», - делінген боксшының Инстаграм желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, бүгінде менеджер Эгис Климаспен төрт қазақстандық боксшы - Мадияр Әшкеев (8-0, 4 КО), Сағадат Рахманқұлов (1-0, 1 КО), Мейірім Нұрсұлтанов (5-0, 4 КО) пен Асхат Уәлиханов (2-1, 2 КО) жұмыс істейді.
Қанат Ислам (25-0, 20 КО)WBO NABO мен WBA Inter-Continental белбеулерінің иегері. Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) ақпан айындағы рейтингісінде Исламды қайтадан екінші орынға қойды.