Қанат Ислам АҚШ-қа кетеді
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Боксшы Қанат Ислам «Астана арландарының» сапынан кетті. Бұл туралы боксшы «Қамшы» порталына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Аламан» спорт агенттігі.
Енді Қанат кәсіпқой боксқа ден қоймақ. Және боксшы 1 жылға АҚШ-тың Майами қаласына жаттығуға аттанбақ. «Алла қаласа, жақында Америкаға кетемін. Негізі «Astana Arlans» командасымен бір жылға ғана келісім-шарт жасалған. Сондықтан былтыр Әзірбайжанда өткен әлем чемпионатына «Astana Arlans» құрама командасының мүшесі ретінде баратын болғанмын. Чемпионаттың өтуіне бір апта қалған кезде қатыспайтындығымды білгеннен кейін, командадан кету ойда болды. Дегенмен, жігіттердің өтінішімен қазірге дейін жүрдім. Ендігі жерде кәсіпқой бокстан Амеркикада дайындаламын. Негізі 2008 жылдан бері ұсыныстар көп түскен. Қазір тиісті құжаттарымды дайындау үстіндемін. Кезінде Марат Мәзімбаев дайындалған Майамиге шамамен бір жылға бармақпын», - деді боксшы өз сұхбатында.