Қанат Ислам: Бізге жастар қарап отырғандықтан, әрбір сөзіміз, жүріс-тұрысымыз біз үшін үлкен жауапкершілік
"Тек жұмыс істеу керек, алда үлкен жекпе-жектер бар, үлкен мақсаттар бар. Осы беріп жатқан бағаларыңыз мен үшін алда үлкен бір сын, жауапкершілік. Артымнан ерген жастарға жол көрсету, бізге қарап, еліктеп өседі ғой. Сол үшін әрбір жердегі сөзіміз, жүріс-тұрысымыз біз үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы жекпе-жектерде тағы да еліміздің, Елбасымыздың үмітін ақтаймыз деген ойдамын", - деді ол кездесу барысында.
"Бізге Қазақстанда көп нәрсені бірінші рет істеуге мүмкіндік туып жатыр. Сол үшін өте бақыттымын. Өйткені бір жекпе-жектің өзін Елбасы болып құттықтап жатыр. Бүкіл ел үшін, жастар үшін Тәуелсіздік пен Елбасы деген бір ұғым бізге. Өйткені қаншама спортзалдар салынуда. Қаншама шетелде жүрміз, мұндай спорт кешендерін әлі көрмедік. Алматыда менің жекпе-жегімнің өзін көріп, сен Лас-Вегаста жекпе-жек өткіздің бе деп сұрайды. Сенгісі келмейді де. Себебі олар Қазақстан десеңіз Ауғанстанмен, түрлі "стандармен" шатастырады. Ал анандай жекпе-жектерді көріп, олар таң қалады. Біз ол жерге бірдеңе табайық деп емес, өз еліміздің абыройын көтерейік, өз елімізбен мақтанайық, Туымызды көтерейік деп, сондай арманмен бардық. Осы жекпе-жектердің барлығы сәтті өтіп жатыр. Ең біріншіден, Елбасымызға раxмет, осындай қолдау жасап жатқанына. Өздеріңіз қабылдап, "ерім дейтін ел болса, ердің бағы жанғаны" дейді, сол үшін сондай бақыттымын мен", - деп түйді сөзін Қанат Ислам.
Айта кетейік, 18 ақпанда Уилмингтон қаласында (АҚШ, Делавэр штаты) WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (22-0-0, 19 КО) бразилиялық Робсон Ассисті (17-4-0, 9 КО) бірінші раундта жеңген болатын.
Әлемге «Қазақ» деген атпен танылған Қанат Исламның бұл кәсіпқой рингтегі 23-ші кездесуі еді.