Қанат Ислам: Брэндон Кукке қарсы дайындықты бастап кеттім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық боксшы Қанат Ислам алдағы жекпе-жегіне байланысты дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Ислам: Брэндон Кукке қарсы дайындықты бастап кеттім

«Астанада алдыда өтетін жекпе-жегімде канадалық боксшы Брэндон Кукпен жұдырықтасатын болдым. Қарсыластың осалы болмайды. Сондықтан дайындықты барынша күшейтуге бет бұрдым. Қазіргі таңда айқасқа дайындықты бастап кеттім. Сәтін салса, Алатау бөктерінде тамыздың ортасына дейін жаттығуымды жалғастырамын. Ары қарай соңғы дайындықты елорда төрінде өткіземін. Бұл ел есінде қалатын қызықты кездесу болады деген үміттемін», - деп атап өтті Қанат Ислам.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін отандасымыздың Астанада кіммен жұдырықтасатыны туралы айтқан болатынбыз. Қанат Ислам 9 қыркүйекте канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасады. 31 жастағы қарсыласы бүгінге дейін кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11-інде жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін ол отандасы Стивен Батлерге қарсы өткізіп, уақытынан бұрын жеңген.

Ал Қанат Ислам кәсіпқой бокста 24 рет айқасқа шығып, барлығында жеңіске қол жеткізді. Оның 19-ы мерзімінен бұрын аяқталған.