Қанат Ислам: Геннадий екеумізді қарсы қою ағайынды Кличколарды бір-бірімен төбелестіргенмен бірдей
Естеріңізде болса, жақында БАҚ өкілдері Қанат Исламмен Геннадий Головкин жұдырықтасуы мүмкін екенін жарыса жазып, қызу талқыға салған болатын. Бүгін Қанат бұл пікірді жоққа шығарды.
«Әр боксшы өзінің бапкеріне «алтын» екені анық! Менің бапкерім Нельсонға біреулер «Қанатты Геннадиймен жұдырықтастырғың келмей ме?» деген бағытта хаттар жіберген. Оны кім жібергені белгісіз. Ал оған бапкерім: «Бәрі де мүмкін» деп жауап берген. Міне, бұл әңгіме осыдан басталған. Гена - мықты боксшы. Ол - біздің алдымыздағы ту. Алдымыздағы ту құламасын, кәсіпқой боксқа кеш қосылған біздер де алдымыздағы тудың құламағанын қаламаймыз», - деп атап өтті Қанат Ислам.
Сонымен қатар Қанат Геннадиймен өте жақсы қарым-қатынаста екенін, екеуі бір-бірін әуесқой бокста жүргеннен бері танитынын, талай жаттығу залдарында бірге жаттыққанын, қазір де жақсы араласып тұратынын жасырмады.
«Мен Геннадийді спортшы ретінде де, азамат ретінде де жақсы сыйлаймын. Біз, кезінде Гена, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтар бәріміз бір салмақтың боксшылары болдық. Шетте жүрсем де Қазақстанға жиі келіп жүрдім. Қазақстандық бапкерлерден де көп тәлім алдым. Еліміздегі барлық боксшыларды жақсы білемін. Бокстағы өз замандастарыммен жиі қабарласып, араласып тұрамын. Бірақ, әуесқой бокста Генамен шаршы алаңда кездесіп көрген жоқпын. Кәсіпқой бокста да кездеспейміз. Себебі, Гена екеуіміз де бір елдің, қазақ топырағының намысын қорғап жүрміз. Ал бізді бір-бірімізге қарсы қою ағайынды Кличколарды бір-бірімен төбелестіргенмен бірдей. Сондықтан, бұл мүмкін емес», - деп осы күнге дейінгі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды.
Күнсұлтан ОТАРБАЙ