Қанат Ислам: Головкин екеуміз де Қазақ елінің намысын қорғап жүрміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой бокста Қазақстан намысын қорғап жүрген боксшыларымыз саусақпен санарлық. Оның ішінде бүгінгі таңда Геннадий Головкиннің айы оңынан туып тұр. Оған ешкімнің таласы жоқ. Өте талантты, намысшыл боксшы. Бүгінге дейін бірде-бір жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. Ұлты өзге болса да, қазақтың кестелі тонын жамылып, Көкбайрағын желбіретіп келеді. Ал, кәсіпқой бокстағы қазақ ұландары туралы әңгіме қозғай қалсақ, бірден есімізге қандасымыз Қанат Ислам оралады...

Қанат Ислам: Головкин екеуміз де Қазақ елінің намысын қорғап жүрміз

Бар-жоғы екі жыл ішінде 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Қанаттан қазақ елі үлкен үміт артып отыр. Тіпті, жақында ақпарат құралдарында алдағы уақытта қазақ ұланы Геннадий бағындырған биікті бағындыру былай тұрсын, оған «қауіп төндіреді» деген алып-қашпа әңгімелер шығып, оқырман қауымның қызу талқысына айналды. Жұрт: «екі қазақстандық боксшының жұдырығы қашан шаршы алаңда түйіседі?» деп аласұрды. Әрине, бокссүйер қауымға қызық керек.

Мұндай әңгіме қалай пайда болды? Бүгін Қанаттың өзімен сөйлесудің сәті түскеннен кейін, осы мәселе туралы тағы да оқырман қауыммен ой бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Негізі, бұл пікірді бірінші болып халық назарына ұсынған Қанат Исламның промоутері - Нельсон Лопес. Ол журналистерге берген бір сұхбатында Қанаттың қарымды боксшы екенін айта келіп: «кәсіби рингте атойлап жүрген қазақстандық боксшы - Геннадий Головкинге біраз қиыншылық көрсете аламыз» деп айтып қалады. Бұл жерде бапкердің ойы Қанаттың қаншалықты деңгейдегі боксшы екенін айту болатын. Оның күш-жігерін Головкиннен кем емес деп түсіндіргісі келді. Өкінішке қарай, БАҚ өкілдері отыз тістен шыққан сөзді отыз рулы елге күні ертең жұдырықтасқалы жатқандай сүйіншілеп жеткізді. Таратылған ақпараттың тартымдылығы соншалық, жай бокссүйер қауым ғана емес, белгілі спортшылар да, спорт сарапшылары да, спорт мамандары да өз ойларын ортаға салып, қос саңлағымызды бір аптадай «қиялдарымен» жұдырықтастырып алды. Жеңімпаздарын да анықтап, сый-сияпатын да беріп тастады. Бұл дұрыс па?

Мейлі, Қанат болсын, мейлі Головкин болсын екеуінің де әлі бағындырар биігі алда екенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Екеуінің де өздері өнер көрсетіп жүрген салмақтарында әлі бокстасып үлгермеген талай мықты қарсыластары жетерлік. Сондай-ақ, екеуі де шаршы алаңда екі түрлі салмақта өнер көрсетеді. Екеуі жұдырықтасу үшін әуелі олар өз салмақтарында жер бетінде теңдессіз атануы керек. Екеуіне де өздері өнер көрсететін екі түрлі салмақ санатында қарсылас қалмай, жұдырықтарын кімге сілтерін білмей аңтарылған күні «енді бір-біріңмен шығыңдар» десе қалай болады екен?! Ал одан бұрын екі отандасымызды бір-біріне қарсы қою бір отбасында туған, бір нанды бірге бөліп жеген, екі егіз ұлды ерегестіріп, төбелестіргенмен бірдей деген сөз. Бұл біздің пікіріміз және тілегіміз. Тілегіміз дегенде екеуі жұдырықтаспаса екен деп отырғамыз жоқ. Екеуінің өз салмақтарында қарсыластары қалмай, сосын барып, бір-бірін кездесуге шақырса деген ой. Ал бұл туралы боксшылардың өзі не деді? Енді сол жайында қысқаша тоқталып өтсек. Жақында Геннадий Головкин Астанада Назарбаев Университетінде қонақта болды. Жанкүйерлерімен жүздесу барысында Қанат Ислам мен өзінің арасындағы даулы пікір де назардан тыс қалған жоқ. Сонда журналистің сұрағына жауап берген Геннадий Головкин: «Бұл әңгіме туралы дәл қазір сөз қозғау еш қисынға келмейді. Себебі Қанат екеуіміз екі салмақтың боксшыларымыз. Сондай-ақ, екеуіміздің рейтингтік көрсеткішіміз де екі түрлі. Мен Қанатты көптен бері білемін. Біз кездесіп, араласып тұрамыз. Менiңше ол жеке өзi менi жекпе-жекке шақырмауы мүмкiн. Оны оның бапкерi жасаса керек. Қазіргі кезде бізді салыстырып немесе қарсы қоятындар көбейіп кетті. Мұндайды доғару қажет», - деп атап өтті. Өте орынды жауап. Боксшының өзі айтқандай, бұл әңгімені үдетуді доғарғанымыз жөн сияқты.

Ал осы талас-тартысқа байланысты Қанат Ислам да қарап қалған жоқ. Ол да өзінің пікірін ашық білдірді.

Ол: «Головкин менің қарсыласым емес, ол ең әуелі менің отандасым, тілекшім. Екеуміз де Қазақ елінің намысын қорғап жүрміз. «Әкем - орыс, шешем - кәріс, өзім - қазақпын» деп әлемге жар салған Гена мен үшін де қазақ. Ал қазақтың атынан шығып, Қазақстанның туын желбіретіп жүрген досыммен қолғап түйістіру - ол осы елдің азаматы болып тұрғанда еш қисынға келмейтін дүние. Менде ат жарыстыру мен атақ таластыру қасиетімде жоқ. Егер, атақ, мәнсап қусам ата-жұртыма оралмай-ақ, Қытайда жүре берер едім. Маған керегі Алаш жұртының абыройы. Әлемде қазақтың Көкбайрағы желбірегені керек. Қайда жүрсем де қазақтың туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатып жүрсем содан артық бақыт жоқ. Ал осы Қазақстан деген үлкен қара шаңырағымыздың Байрағын бірге желбіретіп, намысын бірге қорғап жүрген қос батырын бір-біріне қарсы қою деген ақылға сыймайтын дүние. Мен бұны ұлтқа, руға бөлетін арандатушылық деп түсінем», - деп атап өтті.

Иә, ел не демейді?! «Қоңыраусыз керуеннің сәні қайда?» демекші, аты шыққан батырларымыздың артынан осындай сөз ермесе де сәні келмейтін сияқты.

Айтпағымыз, қазақ елінің абыройын асырып жүрген екі батырымыз да аман болсын! Шаршы алаңда кездесе ме, кездеспей ме, ол алдағы уақыттың еншісі...

Күнсұлтан Отарбай