Қанат Ислам IBO рейтингінде төмен сырғыды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық бокс ұйымы (IBO) барлық салмақ санаты бойынша өзекті рейтингтерді жариялады, деп хабарлайды Sports.kz.

Қанат Ислам IBO рейтингінде төмен сырғыды

Тізімдегі өзгерістерден қазақстандық кейбір спортшылар да шет қалмады. Иса Акбербаев ауыр салмақтың үздік жүздігіндегі 33-орнын сақтап қалса, жартылай ауыр салмақ өкілі Әли Ахмедов екі сатыға көтеріліп, 37-орынға шықты.

Бірінші орта салмақ санатындағы боксшы Қанат Ислам алтыншы орыннан сегізінші орынға түсті.

Жанқош Тұраров жартылай орта салмақ рейтингінде 56-орыннан 52-орынға көтерілді.

Бірінші жартылай орта салмақ санатында жұдырық түйістіріп жүрген Батыр Жүкембаев бұл жолы төрт орынға төмен сырғыды. Енді ол 51-орында тұр.

Жеңіл салмақ өкілі Айдар Шәрібаев бұрынғы 95-орнынан 89-орынға шықты.

Бекман Сойлыбаевтың да жағдайы шамалы жақсарды, екінші жартылай орта салмақтағы боксшымыз енді өз дивизионында 47-ші болып тұр.

Ал жеңіл (53,525 кг) салмақ дәрежесіндегі Жанат Жақиянов кәсіпқой рингтегі карьерасын аяқтағандықтан, рейтингтен шығарылды.


Фото: prosports.kz