Қанат Ислам қытайлық боксшының үлгі тұтар тұлғасына айналды

КУНЬМИН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Қанат Исламның жанкүйерлерінің бірі - кәсіпқой бокстан ең жеңіл салмақтағы (53,5 келіге дейінгі) Қытай чемпионы, 22 жастағы Елшат Нығметоллаұлы. 

Қанат Ислам қытайлық боксшының үлгі тұтар тұлғасына айналды

null
Боксшы ҚХР Юньнань провинциясының Куньмин қаласындағы спорт клубтарының бірінде өз бетімен, тәлімгерсіз жаттығады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Елшат кәсіпқой рингте 8 жекпе-жек өткізді, оның барлығында жеңіске жетті (2-еуі нокаут). 2016 жылдың 13 қарашасы күні ол Шанхай қаласында ҚХР-ның Гуандун провинциясының боксшысы Се Чжучуанмен өтетін кездесуде Қытай чемпионы атағын растайтын болады.

«Мен Шыңжаңның Іле-Қазақ автономдық облысы Алтай аймағының Каба қаласында, шаруа отбасында дүниеге келдім. Ата-анам сәби кезімде қайтыс болған, мені әжем бағып-қақты. Ағаларым, әпкелерім жоқ. Бокспен 15 жасымнан айналысамын. 2011 жылы 9-сыныптан кейін мектепті тастап, кәсіпқой бокспен айналысу үшін Қытайдың ішкі провинцияларына жол тарттым. Бір жарым жыл бойы Шэньси провинциясының Сиань қаласында, кейін Хэнань провинциясының Чжэнчжоу қаласында, Сычуань провинциясының Чэнду қаласында, Цзянсу провинциясының Чжэньцзян қаласында және Қытайдың өзге де аймақтарында тұрдым. Соңғы екі жарым жыл Юньнань провинциясының Куньмин қаласында тұрып келемін және осында жаттығамын. Спорттық клубты интернет арқылы таптым. Осында жаттығып, осында тұрамын, жалақы да аламын», - деді ол «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.

null null

Елшат Нығматоллаұлы бапкерсіз, өз бетімен жаттығады. Оның үлгі тұтар тұлғасы - Қанат Ислам.

«Мен үшін үлгі тұтар тұлға, әрине Қанат Ислам. Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов сынды қазақстандық өзге де кәсіпқой боксшылардың мансабын зерделеп отырамын. Қазақтарда құрмет тұтарлық боксшылар өте көп. Гена бар (Геннадий Головкин - ред.). Ол Куньмин қаласына келгенде онымен кездескенмін (...) Әуесқой бокстағы менің тұңғыш бапкерім Мұрат аға Каба қаласында тұрады. Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін тәлімгерсіз жаттығамын. Кейде АҚШ-тан жаттықтырушылар келген кезде шақырту бойынша бір-екі күнге Шанхайға барамын. Олар қытайлық кәсіби боксшыларға шеберлік-сабақтарын өткізеді», - деді ол.

Оның айтуынша, 2016 жылдың 13 қарашасы күні Шанхайда өтетін жекпе-жекте Қытай чемпионы атағын қорғай алса, келесі жылдан бастап шетелдік боксшылармен кездесулер өткізе бастайды.

null null  

«Алдағы кездесуде жеңіске жететініме сенімдімін. Спортшы өз күшіне сеніп, шыдамды болуы тиіс, сонда ғана ол жеңіске жетеді. Алдағы қарсыласымды бұған дейін де ұтқанмын, одан бұл жолы да басым түсетініме сенімдімін», - деп түйді Елшат Нығметоллаұлы.