Қанат Ислам Майамидегі бокстың үлкен кешіне дайындалып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам жекпе-жегін Астанада өткізе алар еді, бірақ оның таңдауы АҚШ-тың Майами қаласына түсті. 8 мамырда бұл қалада оның келесі жекпе-жегі өтеді. Қарсыласының есімі алдағы уақытта жарияланады.

Қанат Ислам Майамидегі бокстың үлкен кешіне дайындалып жатыр

«Мені елордалық клубқа шақырды, бірақ олардың бокс кеші де мамыр айына түсіп тұр. Сондықтан біз бәрін ойластырып, Майамиді таңдадық. Болашақта Астанадағы кешке де қатыса аламын деп ойлаймын», - деген сөздерін келтіреді ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі Қ.Исламның ресми парақшасы.

Бұдан басқа, бұған дейін Қанат Ислам Қытайда жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы мәлімдеген.

«Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде мен Майамидегі бокс кешіне дайындалып жатырмын. Кездесуді Қытайда өткізу нұсқалары одан кейін қарастырылады», - деп баяндады Қанат Ислам.

Қанат Ислам кәсіби рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті, соның 17-ін нокаутпен аяқтады. Боксшы бірінші орташа салмақта (69 келі) WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша әлем чемпионы.