Қанат Ислам мектеп оқушыларына спортта жетістікке жетудің жолын көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы «Зияткер ұрпақ» жобасын жалғастырады. Алматы облысы бойынша жоба аясында даңқты кәсіби боксшы, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Қанат Ислам 26 қыркүйек күні Іле ауданы Боралдай ауылындағы №15 мектептің оқушыларымен кездеседі. Бұл туралы Жалпыұлттық қозғалыстың медиа директоры Қанат Әуесбай хабарлады.

Қанат Ислам мектеп оқушыларына спортта жетістікке жетудің жолын көрсетеді

Боксшы мектептің жоғары сынып оқушыларына спортта жетістікке жетудің сырларымен бөлісіп, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызын түсіндіреді.

«Жобаның мақсаты - оқуда немесе қызметте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді азаматтарды ауылдағы жас жеткіншектерге білім беру ісіне тартып, тәжірибесімен бөлісуге шақыру. Бұл үшін біз «халық мұғалімдерінен» құралған еріктілер қозғалысын құрып, оны одан әрі дамытуды көздеп отырмыз. Ауыл жастарына үлгі-өнеге беру арқылы орын алған кемшіліктерді жойып, жетістіктерге жетуіне түрткі болуды көздеп отырмыз», - дейді қозғалыс медиа директоры Қанат Әуесбай.