Қанат Ислам мен Джеймс Киркленд кездесуін «Қазақстан» мен «Казспорт» телеарналары көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кəсіпқой рингте жеңіліп көрмеген, WBA intercontinental, WBO NABA чемпиондық белбеуінің иегері - Қанат Исламның американдық боксшы Джеймс Кирклендпен жекпе-жегі ағымдағы жылдың 9- қыркүйегінде елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласының Республикалық «Сарыарқа» велотрегінің кешенінде өтетін болды.
Қанат Ислам - кәсіпқой боксшы, жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі, WBA FEDELATIN тұжырымының чемпионы, WBO INTERCONTINENTAL тұжырымының чемпионы, қазақтың мақтанышы. Ол өзінің әуесқой бокспен айналысуын Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында жүріп бастаған болатын. Ал 2010 жылы ол өзінің азаматтығын ауыстырып, туған атамекені Қазақстанға көшіп келді. Қазақ жеріне келгеннен кейін, ол Бүкіләлемдік Бокс сериясы шеңберінде өнер көрсететін Қазақстан бокс клубы «Астана Арландары» кәсіби клубының мүшесі болды. Қанат Ислам «Астана Арландарында» 2012 жылға дейін өнер көрсетті. Қазір кәсіпқой боксшы, «Нельсон» промоутерлік клубы атынан шаршы алаңға шығып, 23 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 19 жекпе-жекте қарсыластарын нокаутпен ұтқан. Лақап аты - Қазақ.
Айта кету керек, былтырғы жылдан бастап, «Қазақстан» мен «Казспорт» телеарналары қазақтың мақтанышы Қанат Исламның жекпе-жектерін тікелей эфирде үзбей көрсетіп келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ, бұл үрдіс телеарналардағы өзіндік дәстүрге айналды десек те болады. Бокс сүйер қауым үшін ғана емес, жалпы Қанат Исламның жанкүйерлері үшін де бұндай көрсетілім - керемет мүмкіндік.
Естеріңізге сала кетейік, 27 мамырда біздің отандасымыз бірінші орта салмақта WBO NABA және WBA Intercontinental титулы үшін мексикалық Норберто Гонсалесті жеңген болатын. Айта кету керек, өз кезегінде Норберто Гонсалес сол күнге дейін 31 кездесу өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен болатын. Оның ішінде 13 жекпе-жегін нокаутпен жеңіп, 8 кездесуінде жеңіліс тапқан. Норберто Гонсалестің лақап аты - Әзәзіл! Ол өз салмағы бойынша мексикалық боксшылардың үздік төрттігіне кіреді.
Бұл бокс кешіне өзге қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров та қатысқан еді. Оның қарсыласы - мексикалық Густаво Гарибай болды. Жекпе-жек АҚШ-тың Флорида штаты Бока-Ратон қаласындағы «Boca raton resort & club»-та өткен еді. Аталмыш айқас барысында Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалесті жеңіп, екі бірдей чемпиондық титул жеңіп алған болатын. Бұл жеңісінен кейін Ислам BoxRec порталының рейтингінде бірінші орта салмақтағы боксшылардың арасында 27 сатыға жоғарылап, 26 орынға жайғасты.
Орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлемнің жаңа чемпионы Қанат Исламның америкалық Джеймс Кирклендпен кездесуінің негізгі жағымды тұстары туралы айтқан болатын.
Оның пікірінше, бұл жекпе-жек Қанат Исламға америкалық бокс туралы жазатын БАҚ пен америкалық бокс сүйер қауымның арасында танымал болуға жақсы әсер етеді. Сондай-ақ, Қанат Исламның америкалық жанкүйерлері пайда болады.
Айта кету керек, отандасымыздың қарсыласы Джеймс Кирклендті бүгінгі таңда Энн Вольф есімді кәсіпқой бокстағы жалғыз әйел бапкер шынықтырып жүр. Айта кетейік, 33 жасқа келген Киркленд өзінің соңғы кездесуінде жеңіліп қалған болатын. Бұл айқас 2015 жылы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы өткізілген болатын. Джеймс Киркленд жалпы 34 кездесу өткізіп, оның 32 жеңіске жеткен.