Қанат Исламның айқасын екі бірдей отандық телеарна тікелей эфирде көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 5 шілде күні Алматыда Қанат Ислам мен Хулио Де Хесус кездесуін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Телеарнаның ресми сайты хабарлағандай, қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам 5 шілде күні Алматыда доминикалық Хулио де Хесуспен қолғап түйістіреді. Отандасымыздың екі жылдық үзілістен кейінгі кәсіпқой рингке қайта оралған сәтін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

«QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып жатқан бокс кешінде Қанат Ислам орта салмақтағы «WBO Inter-Continental» белбеуі үшін Хулио де Хесуспен жұдырықтасады.

Қанаттың қарсыласы 27 кездесудің 26-ында жеңіске жеткен. 24 мәрте қарсыластарын нокаутпен ұтқан.

Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтетін бокс кешінде Мадияр Ашкеев NBA нұсқасындағы чемпиондық атақ үшін эстониялық Павел Семеновичпен айқасқа түседі. Сондай-ақ Руслан Мырзатаев тәжірибелі британдық спортшы Дэнни Уильямспен күш сынасады. 45 жасар боксшы 2004 жылы әйгілі Майк Тайсонды сұлатып салған. Сонымен қатар Абылайхан Құсайынов та WBA санатындағы NBA белбеуі үшін жекпе-жек өткізеді.

Бокс кешін «QAZSPORT» арнасы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 17:25-тен бастап тікелей эфирде ұсынады. «QAZAQSTAN» арнасы 21:30-да негізгі жекпе-жек - Қанат Ислам мен Хулио де Хесус кездесуі басталған сәттен тікелей қосылымға шығады.

Соңғы жаңалықтар