Қанат Исламның бокс кешіне 8 мыңнан аса билет сатылды

«Біз бәсеке өтетін жерді тыңғылықты іздестірдік. Ақыры «Сарыарқа» республикалық велотрегіне тоқталдық. Бұл - спорттық кешендер арасындағы әлемдегі ең үздіктердің бірі болып саналатын теңдессіз нысан. Астаналық «Сарыарқа» велотрегі 9 195 көрерменді сыйдыра алады. Сондай-ақ, рингтің маңында 1 500 VIP орындар орналастырылады. Қазіргі кезде барлығы 8 000-нан аса билет сатылды», - дейді Qazaq Promotions компаниясының директоры Қайрат Жайлаубаев.
Сондай-ақ, ол ресми түрде шақырылған қонақтар арасында тек көрнекті мемлекет, спорт және қоғам қайраткерлері ғана емес, БЖСМ мен спорт-интернаттың өкілдері де бар екендігін айтты.
«Алдағы бокс кеші астанамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке болмақ. Белгілі кәсіпкер және меценат Бауыржан Оспанов жеке өзі жас жеткіншектер осы кештен керемет әсер алып, шаттыққа бөленсін деген ниетпен БЖСМ өкілдерін қажетті билеттермен қамтымасыз ету жөнінде тапсырма берді», - дейді Qazaq Promotions компаниясының директоры.