Қанат Шарлапаев инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу барысы жайлы есеп берді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жылу желілерін жаңғыртуға бөлінген қаражаттың 78 пайызы жергілікті атқарушы органдарға аударылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Қанат Шарлапаев
Фото: ҚР Үкіметі

«Осы жылы 161 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен 104 шақырым желіні жаңғыртуға 69 млрд теңге; Үкімет резервінен 57 шақырым желіні жөндеуге шамамен 24 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңгеге 69 шақырым желіні жаңғырту жоспарланған. Сәуір айынан бастап 93 млрд теңгенің 72 млрд теңгесі, яғни жоспардың 78 пайызы жергілікті атқарушы органдарға аударылды. Бұл ретте, 159 шақырым жылу желісі жүргізілді. Оның ішінде 54 жоба бойынша 135 шақырымға жылу желісі жүргізіліп, жұмыстар толық көлемде аяқталды. Ал 10 жоба бойынша 24 шақырым болатын жұмыстар аяқталуға жақын», — деді Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар ол өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Осы жылы 541 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 536 шақырым жөнделді, бұл жоспардың 99 пайызы құрайды. Бүгінге Шымкент қаласында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр және бірінші қарашаға дейін, яғни қаладағы жылыту маусымының басталуына дейін аяқталатын болады. Сумен жабдықтау желілерінің 1 025 шақырымы немесе жоспардың 90 пайызы, сондай-ақ су бұру желілерінің 159 шақырымы немесе 98 пайызы жөнделді», — деді министр.