Қандас мәртебесін алатындар ҚАЗТЕСТ-ті қалай тапсырады
АСТАНА. KAZINFORM – Қандас мәртебесін алуды немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру көші-қон әлеуетін критериалды бағалау кезеңдерінің бірі саналады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
ҚАЗТЕСТ арқылы үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Ведомство мәліметінше, бұл қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес. Тестілеу күнделікті өмірде қарым-қатынас жасауға және Қазақстандағы жаңа ортаға бейімделуге қажетті тілдік дағдыларды бағалауға бағытталған.
Тапсырмалар күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар негізінде әзірленген. Негізгі назар қазақ тіліндегі сөздерді тыңдап түсіну және оқылған ақпаратты қабылдау қабілетіне аударылады.
Қатысушы тыңдалым және оқылым бағыттары бойынша барлығы 60 тапсырма орындайды. Тестілеуге 1 сағат 10 минут беріледі және ол онлайн форматта өткізіледі.
– ҚАЗТЕСТ – көші-қон әлеуетін критериалды бағалаудың жалпы рәсіміндегі кезеңдердің бірі. Оның негізгі мақсаты – адамның мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану деңгейін және қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын анықтау, – делінген министрлік ақпаратында.
Тест форматына алдын ала танысып, дайындалғысы келетін азаматтарға бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Онда ҚАЗТЕСТ форматы жөнінде кеңес алып, жаттығу тапсырмаларын орындауға болады.
Қажетті нәтиже көрсете алмаған жағдайда тесті қайта тапсыру мүмкіндігі бар. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде оны екі ретке дейін қайта тапсыруға рұқсат етіледі.
Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы жүргізілетіндіктен, қатысушы алдын ала камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және интернет байланысының тұрақтылығын тексеруі қажет.
ҚАЗТЕСТ нәтижесі үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Тестілеу тәртібі туралы қосымша ақпарат Testcenter.kz және migration.enbek.gov.kz ресми ресурстарында жарияланған.
Айта кетейік, екі мыңнан астам қандас мемлекеттік білім грантын иеленді.