Қандас мәртебесін беру рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылды - Сенат

Сенат РК
Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бірінші оқылымда мақұлданды.

Осы заңның мақсаты - халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы, халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру, төтенше жағдай кезінде азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамада орын алған құқықтық олқылықтарды жою.

Аталған заң аясында педофилдерге Қазақстанға кіруге және азаматтық алуға, сондай-ақ экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Сенатор Советбек Медебаевтың айтуынша, көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі айқындалды. Мәселен, аумақтық ішкі істер органдары жүзеге асыратын шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды, жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Бұдан бөлек, егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайлар кезінде пайдалану мәселесі реттелді. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады.

«Қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізіледі. Айта кетсек, қолданыстағы заңнамада шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығын жоғалтуды тіркеу көзделген», - деді депутат.

Сонымен бірге, заңда ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылды. Қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Егер қоныс аударушы осы өңірлерден тұрақты тұрғылықты жерін бастапқы 5 жыл мерзімі ішінде ауыстыратын болса, онда жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Мұнымен қоса, қоныстану өңірлерінде 5 жылдан астам уақыт тұратын қоныс аударушыларға жаңа мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану шартын жасауға құқық беріледі.

«Ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелері бойынша өндіріп алудан қорғауға бағытталған нормалар бекітіледі. Атап айтсақ, аталған материалдық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды», - деді сенатор.

Бұдан бөлек, қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда, оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылды. Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайды.

«Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізілді», - деді Советбек Медебаев.

Сонымен қатар, бұл заңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі.

«ҚР Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша 2023 жылы уақытша тұруға 584 588 рұқсат берілді, елге кіру үшін 55 091 шақыру ресімделді, сондай-ақ 56 427 виза берілді. Қазақстан азаматтығына 26,8 мыңнан астам адам қабылданды. Оның ішінде қандастардың саны 20,5 мыңнан асты. Былтыр 16 028 адам Қазақстан азаматтығынан айырылды (2021 жылы - 17 179 адам, 2022 жылы-18 568 адам). 32 жыл ішінде Қазақстанға 1 млн 128 мың этникалық қазақ келіп, қандас мәртебесін алғанын атап өткен жөн, бұл ел халқының 5,6 пайызын құрады», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар