Қандасымыз Дубайда өткен халықаралық фестивальден жүлделі оралды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Қандасымыз Дубайда өткен халықаралық фестивальден жүлделі оралды - шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: janadauir.com

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тоқаев су тасқыны жайлы мәлімдеме жасады - TRT

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке су тасқынынан кейін жаңа тұрғын үй салуға, өтемақы төлеуге және инфрақұрылымды жөндеуге бес ай уақыт бар екенін айтты.

Бұл туралы апта соңында Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлады.

«Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясына сөйлеген сөзінде «Біздің апатты ортақ жеңуіміз көпке созылмайды. Судың көп бөлігі тартылған соң, бұзылған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ең алдымен, азаматтарымыздың шығыны өтеледі, тұрғын үй құрылысы басталады, пәтерлер бөлінеді, қираған инфрақұрылымдар жөнделеді. Біз осы жан-жақты зерттеулерге қысқа уақыт бөлдік. Бірге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін» деді», - деп жазды түркиялық басылым.

«TRT» басылымы Тоқаевтың мәліметіне сүйене отырып, басталатын кешенді құрылыс жұмыстары азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратынын, сонымен қатар азаматтар экономикалық әлеуеті жоғары және экологиялық жағдайы жақсы елді мекендерге көше алатынын да тілге тиек еткен.

Қандасымыз Дубайда өткен халықаралық фестивальден жүлделі оралды – «Janadauir»

Жақында Баян-Өлгий аймағындағы Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалы драма театрының бишісі Лаура Нәбикәрімқызы «DUBAI GRANT FESTIVAL» халықаралық сайысына қатысып, киім және мимика түрінен жүлдегер атанды. Осындай ерекше номинацияны жеңіп алу үшін Лаура екі жылдай дайындық жасаған, деп хабарлайды «Жаңа дәуір» басылымы.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, театр бишісі Лаура Қазақстан Республикасы, Абай атындағы педагогикалық унивеситетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасынан бишілік мамандығы бойынша оқып бітірген екен. Лаура Нәбикәрімқызы этика мен эстетикасы үйлескен қазақ биін сахналау арқылы Дубай қаласында көрермендердің ыстық ықыласы мен қазылар алқасының жоғары бағасын алған. Бұл сайысқа қатысу үшін алдымен Дубайға өтініш жолдап, онымен қоса бидің видеосын жүктеген. Конкурсты ұйымдастыру комиссиясының оң бағасын алған бишілер Дубайға шақырту алып, сайысқа қатысқан.

Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, аталған халықаралық сайысқа 18 елдің кіл мықты бишілері қатысқан. Әр елдің биі әрқалай. Бір-бірінен алатын дүниелері де көп. Бұл жолғы би негізінен әр халықтың ұлттық ерекшелігін көрсетеді. Қазақ халқының биі өте нәзік. Фестивальде Лаураның костюмі билеген кезде киген көйлегі ерекше баға алған.

Сондай-ақ ол аталмыш сайысқа қатысып ғана қоймай өзінің кішкентай шәкірттерін Қазақ елінің Алматы қаласында өткен «ZHULDIZ ART KAZAKHSTAN» байқауына қатыстырып, топ бимен бірінші орын, жеке бимен гран при жеңіп алып, Ыстық көл, Ташкент, Стамбул қалаларына жолдама алған.

Қазіргі уақытта Лаура жетекшілік ететін «Kids Balet» үйірмесі классикалық би, балет түрлері бойынша бүлдіршіндерге биден мағлұмат беріп баулуда.

«Би дегеніміз – аса жоғары құндылығы бар өнер. Оның адам денсаулығы мен сұлулығына, адамның көңіл күйіне әсер өте жақсы. Қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігі бидің маңыздылығына, балаларының сау болып өсуіне қатты көңіл бөліп, би үйірмелеріне көптеп беріп жатыр. Лаура бишіміз шәкірт қабылдап, би үйретуге әрқашан әзірмін дейді. Қазірдің өзінде Лаураның би үйірмесіне тізімделіп жатқан бүлдіршіндер көп», - деп түйіндейді «Жаңа дәуір» басылымы.

«Қорғас» халықаралық шекара ынтымақтастығы орталығына миллионнан астам адам келген – «Халық газеті»

Сәуір айынан бастап, ауа райының қолайлылығына орай, Шыңжаңдағы Іле Қазақ автономиялық облысы Қорғас қаласындағы Қытай-Қазақстан «Қорғас» Халықаралық Шекара ынтымақтастығы орталығында шекара туристерінің, трансшекаралық және сауда туристерінің ең жоғары ағыны басталды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті». 

«Қорғас» халықаралық шекара ынтымақтастығы орталығына миллионнан астам адам келген – «Халық газеті»
Фото: kaz.people.cn

Аталған басылымның дерегінше, Қорғастың кіріп-шығу шекара бекетінің статистикасына сәйкес, сәуір айынан бастап Қытай-Қазақстан «Қорғас» Халықаралық Шекара ынтымақтастығы орталығы күн сайын 12000-нан астам адамды қабылдайды. Ең жоғары көрсеткіш бір күнде 19000-нан асқан. 19 сәуірдегі жағдай бойынша 2024 жылы орталыққа 1,34 миллионнан астам адам кіріп-шыққан.

ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері Ұлттық кітапханада өткен шараға қатысты - Parstoday

23 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында әлемнің жүзден астам елінде миллиондаған адам атап өтетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған жыл сайынғы «КітапШоу-2024» кітап фестивалі өтті. 

ҚазҰУ
Фото: parstoday.ir

Фестивальдің мақсаты – оқу белсенділігін арттыру, кітап оқуды қолдау, көркем әдебиетке деген қызығушылықты ояту, жеке тұлғаның ақпараттық сауаттылығын және оқу мәдениетін қалыптастыру.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, кітапхананың өнер залында Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы және Иран мәдени орталығымен бірлесіп өткізген «Қазақстан – Иран: «Наурызнама – мәдениеттер үндестігі» атты әдеби-тақырыптық кеш өткен. Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы меңгерушісі Д.М.Көкеева және ирантану бөлімінің оқытушылары мен студенттері осы аталған шараға қатысқан.

ҚазҰУ
Фото: parstoday.ir

«Parstoday»-дің дерегінше, бұл шара Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фағани мырза құттықтау сөзімен ашылған. Шарада Алматыдағы Иранның Бас консулдығы жанындағы Иран мәдени орталығының директоры Хосейн Ағазаде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Т.Е.Қыдыр, ирантану бөлімінің меңгерушісі А.Боранбаева, ирантану бөлімінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Ғ.Қамбарбекова сөз сөйледі.

Қазақстан елшілігі Өзбекстан Үкіметіне алғысын білдірді - «ӨзА»

23 сәуір күні Өзбекстан мен Қазақстан Президенті телефон арқылы сөйлесіп, онда Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі болып жатқан қиын жағдайға орай көңіл айтып, екі ел арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылаған еді. 

Қазақстан елшілігі Өзбекстан Үкіметіне алғысын білдірді - «ӨзА»
Фото: uza.uz

Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өз кезегінде Қазақстанның Ташкенттегі елшілігі Өзбекстан халқы мен басшылығына алғыс білдірген мәлімдеме жасады.

«Елшілік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс сөздеріне қосыла тұрып, Өзбекстан Президентінің әкімшілігі мен үкіметіне одақтас ретінде көрсеткен қолдауы үшін және өзбек халқының жан дүниесінің кеңдігі үшін алғысын білдіреді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Өзбекстан Президентінің тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек жөнелткен еді. Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанның тұрақты тұрғындарының саны 37 миллионға жетті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Өзбекстан
Фото: uza.uz

Өзбекстандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, 2024 жыл 22 сәуір сағат 03:24 жағдай бойынша республиканың тұрақты тұрғындарының саны 37 млн ​​адамды құраған. Статистика агенттігінің мәліметінше, ерлер саны – 18,5 миллион, әйелдер саны – 18,3 миллион.

«2024 жыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша республиканың тұрақты тұрғындарының саны 36 963 262 адамды құраған еді. Айта кетер тағы бір жайт, 1 қаңтардағы жағдай бойынша Өзбекстанда 1 шаршы шақырым жерге тұрақты тұрғындардың орташа саны 82 кісіге сәйкес келеді», - деп жазады «ӨзА».

Соңғы жаңалықтар