Қандасымыз каратэден қара белбеудің үшінші дан дәрежесін қорғады - шетелдегі қазақ баспасөзі

Каратэ
Фото: Халық газеті

 «KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қой терісіне салынған көшпенділердің естеліктері - «Халық газеті»

Жексенәлі Құдайбергенұлы - тері суретшісі, 1992 жылы Шыңжаңның Күнес ауданында дүниеге келген. 2016 жылы Шыңжаң педагогикалық университетінің Бейнелеу өнері академиясын «бейнелеу өнері» мамандығы бойынша бітірді. Оның «жартастағы кескіндеме», «Алтын күз», «Көктем», «Қой терісіндегі сурет, жылқы әулиесі» және т.б. еңбектері бар.

Бұл туралы қытайлық «Халық газеті» басылымы хабарлайды. 

Суретші
Фото: kaz.people.cn

Суретші Жексенәлі Құдайбергенұлының айтуынша, қазақтар көшпелі халық болғандықтан терідегі суреттер өнерді ғана емес, көшпенділердің шынайы өмірін еске түсіреді. 

«Тарихи тұрғыдан қазақтар көшпелі халық болған. Кең далада тау асып, тас басып, судың тұнығын, шөптің сонысын іздеді. Мұндай көшпелі өмірдің өшіруге болмайтын естеліктері тым көп. Олар жайлаудан жайлауға көшіп, мыңғыртып малын айдаған сәттерінің өзі шығармашылық шабыттың қайнар көзі. Терідегі суреттер өнерді ғана емес, көшпенділердің шынайы өмірін еске түсіреді», - дейді суретші Жексенәлі Құдайбергенұлы.

Өзбекстан мен Қазақстан жануарлар дүниесін бірлесіп қорғайды - «ӨзА»

Самарқанд қаласында өткен «Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау» (CMSCOP14) Конвенциясына қатысушылар конференциясының 14-ші отырысы аясында Өзбекстан мен Қазақстан Үстірт жазығының фаунасын сақтау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Қазақстан мен Өзбекстан
Фото: uza.uz

Аталған басылымның дерегінше, меморандумға ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов пен ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қол қойған.

Құжат Орталық Азия елдерінің 2023 жылы Дүниежүзілік табиғи мұра нысандарының тізіміне енгізілген «Тұран қоңыржай шөлдер» Трансұлттық Дүниежүзілік табиғи мұра объектісін сақтау жөніндегі міндетін орындауға қызмет етеді.

Қандасымыз каратэден қара белбеудің үшінші дан дәрежесін қорғады - Janadauir.com

Жерлесіміз Серікбол Съезханұлы Индонезияда каратэден қара белбеудің үшінші дан атағын абыроймен қорғап келді, - деп хабарлайды моңғолиялық «Janadauir» басылымы. 

Үшінші дан
Фото: janadauir.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Моңғолияда Каратэ Шинкиокушинкай мықты дамып келе жатқан жекпе-жек өнерінің бірі. Серікбол Съезханұлы осы жекпе-жек өнерін Баян-Өлгей аймағында, тіпті Моңғолияда дамытып, жастарға үйретіп жүрген каратэ шеберінің бірі. Ол ең алғаш осы жекпе-жек өнерін Қазақстан елінен үйреніп келіп, Баян-Өлгей аймағында 2013 жылдан бастап клуб ашып дамыта бастаған. Серікбол бүгінге дейін Моңғолияның Каратэ Шинкиокушинкай федерациямен бірігіп, аталған аймақта жаттықтырушы болып жұмыс істеп келеді екен. 

«Janadauir» басылымы осы аптада Баян-Өлгей аймағының «Тарлан» клубының жетекшісі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қара белбеудің 3-ші дан иегері Серікбол Съезханұлымен сұхбаттасқан екен. 

Ол бұл сұхбатында Моңғолия елінен 2 адам Индонезия еліне Азия Каратэ семинарына қатысып, сонда өткен дан тест, яғни мастерлар арасында қара белбеу қорғау шарасына барғанын айтады.
Атап айтқанда, С. Съезханұлы 2024 жылы Қаңтар айының 26-28-і аралығында Индонезия елінің Бату қаласы Маланг демалыс жерінде 2024 жылғы Азия Каратэ семинарына жерлесі Мөнгөншагай екеуі Моңғол елі атынан абыроймен қатысып, каратэден 3-ші дан дәрежесін қорғағанын тілге тиек еткен. Каратэист бұл сұхбатында тілшінің басқа да бірнеше сұрақтарына жауап берген.

Сондай-ақ осы аптада «Жаңа дәуір» сайтында «Аймағымыздағы таэквонда спортын дамытқан жаттықтырушы» деген тақырыптағы сұхбат жарық көрді.

қандас
Фото: janadauir.com

Аталған басылымның мәліметінше, 2023 жылдың соңында үздіктерді қортындылауда жылдың таңдаулы жаттықтырушысы атағы Баян-Өлгей аймақтық спорт басқармасының таэквонда саласының жаттықтырушысы Ерұлан Шөленұлына бұйырған. Ерұлан аймақтық спорт соның ішінде таэквонда саласына қомақты үлес қосқан. 

Оның шәкірттері қазіргі таңда ұлттық таэквонда құрамында халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп жүр екен. 

«Жаңа дәуір» сайтының сұхбат айдарына қара белбеу төртінші дан, халықаралық спорт шебері Ерұлан Шөленұлын шақырып, сұхбат алған.

Қазақстан мен Өзбекстан 2023 жылы әлемде алтынды ең көп сатқан елдер болды - «Parstoday»

Өткен жылы әлемде алтынның негізгі сатушысы 50 тоннаға жуық алтын сатқан Қазақстанның Орталық банкі болды. Өзбекстанның таза алтын саудасы шамамен 25 тоннаны құрады және ол әлемдегі алтын сататын екінші ел.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алтын
Фото: Pixabay

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Дүниежүзілік алтын кеңесі (WGC) 2023 жылдың қорытындысы бойынша алтын сату көлемі бойынша Өзбекстан екінші орынды жеңіп алды және бірінші орынды Қазақстанға берген.

«2023 жылы Қытай 230 тонна алтын сатып алып, әлем елдері арасында бірінші орынға шықты. Одан кейін Польша, Сингапур, Ливия және Чехия. Желтоқсанда әлемдік орталық банктердің алтын-валюта қоры 28 тоннаға өсті, бұл бағалы металдарды сатып алу үдерісінің жалғасуын білдіреді. Түркия 18 тонна алтынмен негізгі сатып алушы болды», - деп жазды ирандық БАҚ.

Өзбекстан тұрғындарында қанша жеңіл көлігі бар екені белгілі болды - Uza.uz

Өзбекстандық Статистика агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстанда жеке тұлғалардың меншігіндегі автокөліктер саны 4 020 744 болған. Бұл сан екі жыл бұрын 3 268 470 еді. Өзбекстан халқының кейінгі екі жылда көлік саны 700 мыңға көбейген.

Бұл туралы осы аптада «Uza.uz» ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Көлік
Фото: Uza.uz

Аталған БАҚ-та тұрғындардың меншігіндегі автокөліктердің жалпы саны саны да жарияланған. Атап айтқанда, жеңіл автокөліктер – 3 759 045, жүк көліктері – 240 917, автобустар – 6 297, шағын автобустар – 9102, арнайы көліктер – 5 383.

Сондай-ақ осы аптада өзбекстандық «Uza.uz» басылымында, «Өзбекстанда жолаушылар автобустарын әйелдердің жүргізуіне рұқсат берліді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Басылымның мәліметінше, Өзбекстанда әйелдер автобус жүргізу құқығына ие болған. Министрлер Кабинетінің 2024 жылғы 12 ақпандағы тиісті шешіміне сәйкес Үкіметтің 2018 жылғы 31 мамырдағы 408 қаулысының 2-қосымшасының 27-тармағының және 3-қосымшаның 5-тармағының күші жойылған.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, жоғарыдағы нормаларда әйелдерді «ВС» және «Д» санаттары бойынша оқытуды ұйымдастыру кезінде жүк көліктерінің жүк көтергіштігі 2,5 тоннадан, ал жолаушыларды тасымалдауға рұқсат етілген автобустардың саны 14 адамнан аспауы керектігі белгіленген болатын. 

Енді әйелдердің жүк көтерімділігі 2,5 тоннадан асатын жүк көліктерін жүргізу және 14-тен астам жолаушысы бар автобустарды жүргізу бойынша жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасалған.

Стамбулға былтыр келген шетелдік қонақтар саны рекордқа жетті - TRT

Адам ең көп келетін қалалардың көш басында тұратын Стамбулға былтыр 17 миллион 370 мың 30 шетелдік қонақ келді. Бұл – рекорд, - деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

шетелдік қонақ
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Мәдениет және туризм министрлігінің деректеріне қарағанда, Стамбулға келген шетелдік қонақ саны алдынғы жылмен салыстырғанда 8,44 пайыз артқан. Былтыр 17 миллион 370 мың 30 шетелдік қонақты күтіп алған Стамбулда ең көп туристі Ресей Федерациясы жіберген. Атап айтқанда, Ресейден Стамбулға 1 миллион 990 мың 226 адам келген.

«Германиядан 1 миллион 286 мың 504 адам, Ираннан 1 миллион 53 мың 638 адам, Америка Құрама Штаттарынан 853 мың 766 турист келеді. Бесінші орында Ұлыбритания, алтыншы орында Сауд Арабиясы және жетінші орында Франция тұр», - деп жазады «TRT». 

Соңғы жаңалықтар