Қандастар Nur Otan праймеризіне қолдау білдірді
Онлайн басқосуды журналист, блогер Айдос Жұқанұлы жүргізді.
Конференцияға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек, халықаралық дәрежедегі маркетинг және PR маманы Жарданбек Назгүл, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, журналист Есенгүл Кәпқызы, «Отандастар қоры» КеАҚ қандастарды қолдау департаментінің басқарушысы Ғазиз Тастаев және әр салада қызмет етіп жүрген озық әрі белсенді азаматтар қатысты.
Модератор Айдос Жұқанұлы «Nur Otan» партиясы көптеген игі істерді атқарып жатқанын, соның бірі осы праймериз екенін тілге тиек етті. «Nur Otan» партиясы барлығына кең мүмкіндік беріп, азаматтарға жол ашып отыр. Басты ұстанымдары әділдік үшін айлақ болу. Бұған менде сенем. Нағыз демократиялық принциптер праймериз арқылы орнығу керек», – деді.
Бірі – отыз жыл бұрын, бірі жуырда ғана атамекенге оралған отандастар өзі қызмет ететін саладағы проблемаларды көтеріп, праймеризге қатысу арқылы сол мәселелерді шешкісі келетінін айтты.
Алғаш сөз тізгінін алған Дүкен Мәсімханұлы праймеризді еліміздегі бас партия саясатының ашықтығы деп баға берді. Партияішілік іріктеуге қатысып, білім-ғылым саласындағы біраз мәселелерді көтеруге ниетті екенін айтты. «Ғұмырымды білім-ғылым саласында сарп еткен азамат ретінде Тәуелсіз елімнің дамуына әлі де үлес қосқым келеді. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған «Nur Otan» партиясына алғысымыз шексіз», – деді.
Ал, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, партияішілік іріктеуге қатысушы Ауыт Мұқибек праймериз шеттен келген ағайындарға не береді деген сұраққа жауап берді. «Праймериз – қандастарымыздың саяси процестерге араласуына үлкен мүмкіндік. Әрі депутаттарды іріктеудің теңдессіз тәсілі. Елімізге қоныс аударып келгендердің мәселесін қандастар көбірек білетіндіктен, олардың сайлауға қатысуы өте маңызды», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі маркетинг және PR маманы Назгүл Жандарбек те аталған науқаннан тыс қалмайтынын атап өтті. «Мемлекеттік басқару жүйесіне шетелдік үздік тәсілдерді кіргізгеніміз бізге мемлекеттік қызметтерді жеңілдете түседі. Соның бірі осы праймериз өткізу. Қазіргі кезде елімізде белсенді жастар көп. Олардың талпынысы жоғары. Партия ішінде праймериз арқылы осындай белсенді азаматтарды іріктеп шығару жұмыстары жүргізілуде. Осы сәтті біз оңтайлы пайдалана білуіміз керек. Сондықтан мен қолымды сілтеп, бұл мүмкіндіктен қалыс қалғым келмейді. 30 жыл бойы істеген жұмысымның нәтижесін енді мемлекет қызметіне арнағым келеді», – деді ол.
Ақын, жазушы Әскерхан Ақтай праймериз партияішілік іріктеу елге жаңа леп әкелетін оңды қадамдардың бірі екеніне тоқталды. «Менің мақсатым – қандастарымыздың экономикалық-әлеуметтік, рухани мәселесіне қолдау көрсету, елдегі түйткілді мәселелерді шешу. Прамериз әділ өтеді деп ойлаймын. Елдің болашағына елеулі үлес қосатын азаматтардың праймериздің нәтижесінде сайланатынына сенемін», – деп, праймеризге қатысатынын атап өтті.
Конференция барысында «Отандастар қоры» ҚеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заут мемлекетті әрмен қарай дамытуға атсалысу үшін ел азаматтарын праймеризге қатысуға шақырды. Есенгүл Кәпқызы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңыздылығын айта келе, партия мен халқымыздың алдында тұрған сыннан сүрінбей өтуді тіледі. Ал С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Экономикалық теория және құқық кафедрасының аға оқытушысы Қайрат Бодаухан праймеризге қатысушыларға елдегі демографиялық мәселелерді көтеруге, ауылшаруашылығын жандандыруға күш салу керек деген ұсынысын білдірді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы Парламентке жергілікті қазақтар мен шет елдегі ағайынның мұң-мұқтажын ойлайтын, халыққа жаны ашитын азаматтардың келетініне сенетінін айтты.
«Ерке-Нұр» ЖШС бас директоры Фарида Мерхамитқызы көші-қон мәселелеріне белсенді түрде араласып, атсалысқанын тілге тиек етіп, елдің саяси өмірінде халықпен бірге келе жатқанын, сондай-ақ мәслихатта істеген жылдарында жинақтаған тәжірибесін бұдан әрі де пайдалану үшін праймеризге қатысып, жоғары деңгейде жұмыс істеуге бар күшін салатынын сөз етті.
Конференцияны қорытындылау барысында «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев партияішілік праймериздің халықтың үмітін қаншалықты ақтайтынына тоқталды. «Біз бұл праймеризге үлкен үміт артамыз. Бұл науқан «Nur Otan» партиясының депутаттарының санын жаңғыртудың тиімді жолы. Осыны іске асыру үшін елдің алдына шығып халықпен кездесетін, өзінің сөзіне жауап бере алатын, талап қоя алатын, уәде беріп қана қоймай, соны орындай алатын азаматтар керек. Дода болғаннан кейін, бұл жерде талас, тартыс жүреді. Әр аймақтың өз серкелері, белсенділері бар. Олардың қай-қайсысы болмасын осы праймеризде жеңіске жеткісі келеді. Праймериздің жоғары деңгейде, мейілінше әділ өтуі барлығымызға байланысты. Елдің алдында жүрген, қоғамға пайдасы тиетін азаматтар науқанға қатысса, праймериз де жақсы өтеді. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді партия хатшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Елбасы, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің виедоүндеуінде «Nur Otan» жақтастарын және партияластарды еліміз үшін маңызды саяси оқиғаға белсене қатысуға шақырды.
17 тамызда еліміздің барлық аймақтарында «Nur Otan» партиясының праймериздеріне кандидаттарды ұсыну және тіркеу басталды. Қазіргі уақытта алты мыңнан астам адам партияішілік іріктеуге қатысуға ниет білдірді.
Үгіт-насихатқа дайындалу үшін кандидаттарға 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн бөлінеді.
7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында көпшілікке жария дебаттар өтеді. Дебаттар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы партияның ресми аккаунттарында көрсетіледі.